Өткен жылдың қарашасында Махамбет ауданы Сарайшық ауылында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы ауылдағы аз қамтылған көп балалы 8 отбасыға 8 пәтерлік үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырған болатын. Алайда тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылып, кілтті кері қайтаруға мәжбүр болды.
Екі қабатты осы ғимараттың хикаясы ұзақ. Ол 1971 жылы сол кезде ауылда болған училище оқушыларына арналған жатақхана ретінде салынған, кейін оны жергілікті әкімдік балабақша қылуды жоспарлаған. Бірақ түрлі себеппен бұл жоспарлары іске аспай, бірнеше жыл иесіздіктің қамытын киіпті. Айналғанда сыртқы келбеті болғанымен іші құлап, қоқыс орнына айналған.
Біздің ақпаратымыз бойынша, бұдан екі жыл бұрын ғимарат аукционға қойылып, сатылған. Кейін бұл ғимаратты жеке кәсіпкерлердің бірі күрделі жөндеуден өткізіп, 76 шаршы метрден 3 бөлмелі сегіз пәтер жасаған. Аудандық әкімдік бұл пәтердің әрқайсысын 10 млн теңгеден (барлығы 80 млн теңге) сатып алып, көп балалы отбасыларға жалға берген (төлемақысы айына 6 мың теңге).
Алайда күтпеген жағдай болды: бірнеше жыл үй кезегінде тұрғандар одан бас тарта бастады. Оған себеп мынау екен.
- Бізге көп балалы отбасы ретінде осы үйдің бір пәтерінің кілтін берген. Басында мәз болып алдық, кейін қуанышымыз су сепкендей басылды, - дейді Жансая ШАКИМОВА. – Пәтер салқын болды. Терезелерінің айналасы алқа-салқа ашылып жатыр, екі бөлменің есігі дұрыс орналастырылмаған, кезек-кезек ашуға тура келеді. Қабырғалары қиқа-жиқа, залда бір батарея, ол да жылытпайды. Біз айқай-шу шығарғасын үйді мердігер жөндеген болды. Сосын бұл пәтерді тапсырып тастадым.
- Мен де бұл баспанадан бас тарттым. Пәтер ішінің жөндеуін қалай болса солай жасаған. Ең бірінші қауіптісі - газ. Әр пәтерде дербес жылуы болғанымен, газды көбейтсек, қолқаны қабатын иіс шығады. Балаларым үшін қорықтым, уланып қалса қайтемін. Сол үшін бас тарттым. Сатушы бұл үйде әлі жүз жыл тұруға болады дейді. Олай болуы екіталай. Ауылда 4-6 млн теңге тұратын жеке үйлер бар, одан да соларды сатып алып берсін, - дейді Айнагүл ИМАШЕВА.
Тұрғындар наразылығынан кейін ЖК пәтерлерді қайтадан жөндеген. Қосымша жылу батареясын көбейтіп, жуыну бөлмесі мен ас үйдің қабырғасына бірнеше кафель плитасын жапсырған. Бірақ бұл қоныстанушыларды қанағаттандырып тұрған жоқ.
Ал аудандық ТКШ және құрылыс бөлімінің басшысы Нұғыман ПЕРНЕБЕКОВ былай дейді:
- Сарайшық ауылынан сегіз отбасыға мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамту үшін конкурс жарияланып, бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Бағалаушылар бір пәтерді 12 млн теңге деп белгіледі. Біз ол бағаны конкурс шартына орай 10 млн-ға дейін кеміттік. Қазір төрт адам бұл үйден бас тартып, бізге жер үй қажет деп қолхат берді. Орнына басқа отбасылар орналасуда. Ол үйде кемшіліктер болды, бірақ екі жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Қазір мердігер оны қайтадан жөнге келтіруде. Бұдан басқа, тұрғындар бес жылдан кейін баспананы босатуға тура келеді деп алаңдап отыр. Бірақ олай емес, жалға беру келісімшарты бес жыл сайын қайта жасалады.
Басқа тұрғындар берілген үйден бас тартқан жоқ, өйткені пәтер бөлінгендер кезектен автоматты түрде шығарылады. Ауылда сатылатын салыстырмалы түрде арзан жеке үйлер бар, бірақ олар әкімдік белгілеген шартқа сәйкес келмейді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылдарда жаңа үй салу қарастырылмаған, тек аудан орталықтарында салынуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор