23 қаңтарда таңғы сағат 3-те Азаттық көшесіндегі «Vivaldi» мейрамханасының алдында 32, 33 және 28 жастағы ханымдар өзара төбелесіп қалды. ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері оларды сараптамаға апарғанда, үшеуі де жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Анықталғандай, әйелдер «Vivaldi» барында алкогольдік ішімдік ішкен, бір кезде сөздері жараспай қалып, арты көшедегі төбелеске ұласқан. Үшеуіне де ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша хаттама толтырылды. Карантин режимін бұзған мейрамхана иелеріне қатысты толтырылған құжаттар санитариялық дәрігерлерге жіберілді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Атыраудағы мейрамханалар мен кафелердің жұмыс уақыты сағат 20: 00-ге дейін қысқартылғандығы хабарланған еді.
Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА