Атырау, 25 сәуір 19:59
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Сот хроникасы

2 944 просмотра

Атырау қалалық №2 соты азаматша Б.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық істі қарады. Сотталушы азаматша А-ны таныстары арқылы банктен 50 миллион теңге көлемінде несие алуға көмектесемін, бірақ бұл үшін 2 миллион 300 мың «беру» керек деп сендіріп, алдап соққаны анықталды. Сот отырысында азаматша Б. кінәсін мойындап, процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берді. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу үкімі шығарылды.

***

Индер аудандық сотында Түркіменстан Республикасының азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-тармағы («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруы») бойынша әкімшілік іс қаралды. Сотта құқық бұзушы 2016 жылы ҚР аумағына жеке сапармен келіп, уақытша тіркеуге тұрғаны, бірақ көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін ешқайда шықпағаны анықталды. 51 048 теңге көлемінде айыппұл салу үкімі шығарылды.

***

Құрманғазы аудандық соты азамат А-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-тармағы («Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi бар көлiк құралын басқару») бойынша әкімшілік істі қарады. Сотта азамат А. Құрманғазы ауылында жалған нөмір орнатылған ВАЗ-2106 маркалы көлігін басқарғаны анықталды. 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру үкімі шығарылды.

***

Ювеналды сотта ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік іс қаралды. Орта білім беру мекемесінің оқушысы Д.-ның екі ай бойы дәлелді себепсіз онлайн сабаққа қатыспағаны анықталды. Осыған байланысты жасөспірімнің анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оған 19 446 теңге айыппұл салынды.

***

Махамбет аудандық сотында азамат А-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаруы») бойынша әкімшілік іс қаралды. А.-ны жол-патрульдік полициясының Ортақшыл ауылында тоқтатқаны, медициналық сараптама оның есірткі қолданғанын анықтады. Сот қаулысымен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

***

Құрманғазы аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы («Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу») бойынша әкімшілік істі қарады. Жеке кәсіпкерлердің біріне тиесілі азық-түлік дүкенінің сатушысы 21 жасқа толмаған азамат Г.-ға бір бөтелке сыра сатқаны анықталды. Сот қаулысымен жеке кәсіпкер кінәлі деп танылып, алкогольдік өнімдерді сату лицензиясының қолданылу мерзімін 1 айға тоқтатып, 77 784 теңге айыппұл салынды.

***

Махамбет аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік іс қарады. Азамат Б. «Қазпошта» бөлімшесіне келіп, бөлім қызметкерлерінің маска режимін сақтау туралы талабына жауап ретінде қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларды құрметтемей, балағат сөздер айтқаны анықталды. Сотта азамат Б. өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Оған 9 723 теңге айыппұл салынды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

25 қаңтар 2021, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.