Атырау, 18 сәуір 11:01
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Жұмыртқа неге тапшы?

Сурет
4 091 просмотра

2016 жылы Атырау облысының әкімі ретінде соңғы рет әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берген Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өз жетістіктерінің қатарында жылына жалпы 92 миллион дана жұмыртқа өндіретін екі құс фабрикасы мен  бөдене фермасының жұмыс жасап тұрғанын атады. Осылайша, оның айтуынша, біздің облыс жұмыртқамен 115 пайызға дейін қамтамасыз етілген.

Біз сол кезде бұл өнімдердің көптігін сезінген жоқпыз, ал қазір тіптен де сезінбейміз. Өткен жылы желтоқсанның аяғында Атырау дүкендеріндегі он жұмыртқаның бағасы 500 теңгеден асып, қазір 470-480 теңге шамасында болды. 

Өңіріміз өзін-өзі жұмыртқамен толық қамтымайтын болып шықты. Сұраныстың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарының өнімдерімен жабылады. «АтырауСауда» ЖШС («Бақайқұс») негізінен Жылыой ауданын қамтамасыз етеді. «Алмалы құс» құс фабрикасы өз өнімдерін ірі компанияларға келісімшарт негізінде жеткізеді, тұрғындар компанияда келісімшарттан тыс қалған өнімдерді ғана алады.

Дегенмен былтыр құс фабрикаларының өндірістік қуаты айтарлықтай төмендеді, бұған объективті себеп бар.


ПАНДЕМИЯ БӘРІНЕ СОҚҚЫ БОЛДЫ

Жергілікті құс фабрикаларының бірі - «Алмалы құс» ЖШС-нің өндіріс орындары қала маңындағы Алмалы ауылының қасында орналасқан. Фабрика 2014 жылы жұмысын бастады. Бір кездері оның құрылысын салуға жұмсалған 700 млн-ға жуық теңгенің жартысы - 306 млн теңгені  «Атырау» ӘКК бөлген.

«Алмалы құс» ЖШС атқарушы директоры Асылбек СӘРСЕНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, кәсіпорындағы өндірістің төмендеуіне бірнеше себеп - пандемия, жемдік дақыл бағасының қымбаттауы, доллар мен еуроның өсуі (тауықтарға берілетін дәрумендер мен жемшөп қоспаларын Еуропадан тапсырыспен алдырады) әсер еткен. Құс фабрикасы бұған дейін өз өнімдерін Теңізге және Атыраудың ірі базарларына жіберетін. Бірақ карантин шараларына байланысты кен орнында жұмысшылар саны азайды, базарлар да ұзақ уақыт жабық болды. Яғни, сату нарығы қысқарып, пайда да азайды. Оның үстіне, жұмыртқа басатын тауықтар ресурсы сарқылды. Сайып келгенде, мұнда бір ғана цех жұмыс істеген.

- Біз 2019 жылдың қарашасында құстарды жаңартуды бастадық, келесі партия 2020 жылдың мамырында, ал соңғысы (56 мың бас) 2020 жылдың қыркүйегінде сатып алынды. Бірақ қыркүйекте алынған балапандар өсіп, жұмыртқа шығара бастау үшін әлі де уақыт қажет. Ақпан айында жұмыртқа шығара бастайды деп күтіп отырмыз. Қазір тауық саны 162 мыңға жетті, қыркүйектен бастап екі цех жұмыс істеп тұр. Өсіп-өнген тауықтар ақпан айында жұмыртқалай бастаған соң, тәулігіне 85-90 мың жұмыртқа шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның 70-75%-ын Теңізге жеткіземіз, қалғанын базарларда сатамыз, - дейді А.Сәрсенғалиев. Өндірушілер өндіріс көбейсе, бағаны төмендетуге уәде беріп отыр. Дегенмен, олар үшін мұның оңай емес екенін айтады.

2020 жылдың басында күшін жойған мемлекеттік субсидиялар қыркүйек айында қайта беріле бастады, бірақ екі есеге азайған - бір жұмыртқа үшін 2 теңге емес, 1 теңге беріледі. Біздің құс фабрикалары Атырауды толық қамти алмайды. Өйткені, облыс тұрғындарына өнімнің 25-30 пайызы ғана жеткізіледі (екінші фабрика да көбіне Теңізбен жұмыс істейді). Нарықтың өз шарты бар: өнімді жыл бойына белгіленген бағамен сатып алатын көтерме сатып алушыларға сату әлдеқайда тиімді, ал нарықтағы жұмыртқа бағасы маусымға және бәсекелестіктің болу/болмауына байланысты өзгеріп тұрады. 

Қайрат НҰРЛЫБАЕВ

- 2019 жылы біздің құс фабрикалары барлығы 100 миллионнан астам жұмыртқа өндірді, бірақ олар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр, өйткені өнімнің көп бөлігі Теңізге кетіп жатыр, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ. - 2020 жылы өнімділік төмендеді, себебі құстарға  беретін азық бағасы қымбаттады. Бұдан басқа, Жылыой ауданындағы фабрикада жарықтың өшуіне байланысты жұмыртқа басатын көп тауық өлді.


«ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК КӨМЕК БЕРСІН»

Руслан ШАРИПОВ

Қазір республика бойынша құс фабрикасы өнімдерінің қымбаттағаны байқалады, бұл жұмыртқа тапшылығымен байланысты. Біз телефон арқылы хабарласқан «Қазақстанның құс өсірушілер одағының» президенті Руслан ШАРИПОВТЫҢ айтуынша, күзде 6 құс фабрикасында құс тұмауынан жұмыртқа басатын 2 миллион тауық өлген. Сұхбаттасушым біздің өңірден де хабардар екен. Оның пікірінше, жұмысшылар саны көп, алып мұнайгаз кен орны бар бүкіл Атырау облысы үшін бар болғаны шағын екі өндіріс - аз. Жаңа зауыт салу керек, «Алмалы құсты» кеңейту керек. Әсіресе, өз дәнді дақылдары жоқ аймақтардағы құс фабрикаларына оңай емес. Бүгінде дәнді-дақылдың тоннасы 100 мың теңге тұрады, бүкіл дәрумен мен қоспалар Еуропадан келеді. 

- Шығынның 70%-ы тауықтың жеміне кететінін ескерсек, жұмыртқаның салыстырмалы өзіндік құнын төмен ұстап тұру қиын. Жалпы, мұндай өндіріс оңай бағыт емес, сіздің құс фабрикаларыңызда қалыптасу кезеңінде түрлі қиындықтар кездесті. Оларды қолдау үшін Атырау облысына бірнеше рет бардым. Қазір дотация көлемі азайды, бірақ әкімдік жергілікті өндірушілерді қолдауы тиіс деп ойлаймын, өйткені ол үшін сіздерде мүмкіндік бар, - дейді Р.Шәріпов сеніммен.


БРОЙЛЕРЛЕР НЕ БОЛДЫ 

Атырау облысында жұмыртқа өндірісінен басқа екі бройлер құс фабрикасының құрылысы басталған еді. 2019 жылдың басында біз Махамбет ауданында құны 4,4 миллиард теңге болатын бройлер құс фабрикасы салынып жатқаны туралы хабарлағанбыз. «Атырау» ӘКК технологиялық жабдық сатып алуға мақсатты несие түрінде 1,7 млрд теңге бөліп, кәсіпорынның жарғылық капиталына 20 млн теңге салым салды. Фабриканың жоспарлы қуаты жылына 2626 тонна бройлер құс етін өндіруі тиіс еді. Келісімшарт бойынша «АтырауНефтеМаш» ЖШС инкубатор мен қасап цехының ғимараты үшін металл конструкцияларын дайындап, құрылыс алаңына жеткізді.

Алайда, бізге белгілі болғандай, өндіріс әлі іске қосылмаған.

- Өкінішке орай, қазіргі уақытта жоба жүзеге асырылған жоқ. Бастапқыда «ӘКК» мен «MEKEN CHICKEN» ЖШС құс фабрикасының тең құрылтайшылары болды, содан кейін ЖШС біздің үлесімізді сатып алды, - деді «Атырау ӘКК» АҚ агроөнеркәсіптік кешенінің директоры Ерұлан БИСЕНОВ. - Бройлер балапандарына азық беруге арналған 4 ғимарат салынды, коммуникациялар - электр, су, газ қосылды. Бірақ содан кейін кәсіпорында қаржылық қиындықтар туындады.

Оған қарағанда Құрманғазы ауданында салынған тағы бір бройлер құс фабрикасының бағы ашылды. 2018 жылы «Бұйырғын» өндірістік кооперативінің жеке қаражаты салынған жобаны іске асыру жұмыстары басталды. 10 мың бройлерге арналған бірінші желі 2019 жылы іске қосылды. Жұмыртқаны Уфадан әкелді. Бір цикл екі айға есептелген, осы уақыт аралығында 10 мың балапаннан 15 тонна ет алынады. Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, құс фабрикасының қуаты - жылына 500 тонна ет, ол өз өнімдерімен бүкіл Құрманғазы ауданын және ішінара Атырауды қамтамасыз етеді. Болашақта ауыл кәсіпкерлері өндіріс қуатын жылына 1000 тоннаға көбейтуді жоспарлап отыр.

Ал Атырауда бройлер балапандарының 1 келісі 1300 теңге.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

23 қаңтар 2021, 23:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.