Атырау, 2 мамыр 03:08
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Макс Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындалды

3 874 просмотра

Бүгін, 22 қаңтарда Макс Боқаевқа қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу бойынша сот отырысы өтті.

Адвокат Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВАНЫҢ хабарлауынша, Боқаевқа 3 жыл әкімшілік қадағалау белгіленген. Бұл ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 171-бабы бойынша ең жоғарғы мерзім. Бұл бапта «Әкімшілік қадағалау жазасын өтеген адамдарға қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары үшін, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшiн белгіленеді» делінген.

Осы мерзімде адам пробация қызметіне ай сайын есеп беруі керек, түнде үйінен шықпауы, қаладан және елден кетпеуі керек және тағы да бірқатар шектеулер бар, оларды бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ж.Сүндетқалиеваның айтуынша, олар апелляциялық шағым түсірмек.

- Макс сотта: «Мен өзімді саяси тұтқынмын деп санаймын. Кінәлімін деп есептемеймін. Қоғамдық ұйымдар, халықаралық ұйымдар, мыңдаған адам мені саяси тұтқын деп есептейді. Бүгінгі сот - мені саяси себептермен қудалаудың тағы бір дәлелі, - дейді адвокат.

Сүндетқалиеваның айтуынша, прокурор 3 жылға әкімшілік қадағалау тағайындауды сұрады, өйткені ол Макс Боқаев сотталған қылмыстық әрекетті экстремистік қылмыс деп санайды. Бұдан басқа, ол жазасын өтеу кезінде тәртіп бұзған.

- Суық аязда далаға шығып, жаттығу жасаудан бас тартқанын тәртіп бұзды деп отыр . Макс омыртқасында грыжасы бар екенін ескертті. «Сіздер десант дайындамайсыздар ғой, мен сыртта емес, іште жаттығу жасаймын» деген ол. Боқаевтың адвокаттары «Қазгидрометке» сұраныс жолдап, ондағылар ол сыртқа шығудан бас тартқан күні ауа температурасы 26-27 градус аяз болғанын айтты. Тексеру кезінде бас киімін шешуден бас тартқаны үшін тағы да ереже бұзды деп айыптаған. Макс бұл талаптардың бәрін қорлау деп санайды, - деді Сүндетқалиева.

Макс Боқаев бүгінгі отырыста негізгі заңдар бойынша - Конституция, азаматтық саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, яғни, Қазақстанда ратификацияланған барлық халықаралық заңнамалар бойынша өмір сүретінін айтты. Ол бостандыққа шыққаннан кейін де өзінің қоғамдық қызметін жалғастырмақшы, дегенмен өзінің көзқарасы үшін әлі де қудаланатынына сенімді.

Адвокаттың айтуынша, судья өз қаулысын түсіндіру барысында Макстың түзелмегенін айтты.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

22 қаңтар 2021, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.