Атырау, 26 сәуір 01:34
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырауда қысқы спорт түрлерін дамытуға болады

Сурет Бейнежазба
3 886 просмотра


Атыраудағы «Бейбарыс» хоккей клубының жағдайы, мәнерлеп сырғанау және жалпы қысқы спорт түрлері туралы «Бейбарыс» мамандандырылған хоккей клубы директорының м.а. Айбат ҚҰБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

Айбат ҚҰБАЕВ

- 4 мәрте Қазақстан чемпионы атанған «Бейбарыс» биыл іріктеу ойындарында 5 орында келеді. Бұл қанағаттанарлық көрсеткіш пе?

- Биыл пандемияға байланысты жағдайды ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Басты мақсат – плей-офф ойындарына кіру. Одан кейін аралық чемпионатта кім қандай орында болғаны маңызды емес.

- Командада жергілікті ойыншылардың үлесі қанша?

- Команда құрамында 60 пайыз қазақстандық 40 пайыз легионерлер болу керек деген қағиданы сақтап келеміз. «Бейбарыс» хоккей командасында 38 ойыншы бар, оның біреуі Атыраудан, қалғаны Қазақстаннан және легионерлер.

- Елуге жуық жергілікті жас хоккейшілерді тәрбиелеп келесіз. Олардың арасында негізгі құрамға қосатындар бар ма?

- Балалар командасында 7-13 жасар мектеп оқушылары жаттығады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінген. Үлкен командаға қосу үшін жастар командасын құру қажет, облыста оны жасақтауға қаржы қаралмаған. Оқушыларды 13 жасқа дейін тәрбиелеп шығарамыз. Әрі қарай кәсіби хоккейге келемін десе, өз еңбегімен басқа қалаға барып дайындала алады. Өйткені, мұз айдынында зал біреу. Ол бас клубтың жаттығулары, хоккей мен мәнерлеп сырғанаушы оқушылардың үйірмесінен ауыспайды. Биыл балалар хоккей командасындағы оқушылардың санын 120 баладан 135 балаға дейін арттыруды көздеп отырмыз.

- «Бейбарыс» ХК-нің биылғы бюджеті қанша? Қаржы қайда жұмсалады?

- Биылғы бюджетті де былтырғыдай 896 млн теңге көлемінде қалдырды. Ол жалақыға, басқа қаладағы матчтарға баруға жұмсалады, қалғаны балалар хоккей командасы мен мәнерлеп сырғанаушыларды дайындауға бөлінеді. 2018 жылы хоккей клубы сенімгерлік басқаруға берілгелі Мұз айдыны сарайын күтіп-ұстауға қаржы бөлінбейді, сондықтан мұз айдынын мекемелерге жалға береміз.


- Сіздің мекеме мәнерлеп сырғанауға да жауап береді. Оның жағдайы қалай?

- Былтыр оқушылар пандемияға байланысты ешқайда шыға алмады. 2020 жылы наурызда бір оқушымыз республикалық турнирден күміс медаль еншілеп тұрып, жүлдесін ала алмай қалды. Ал, 2019 жылы әртүрлі турнирден 4 алтын, 3 күміс және 1 қола еншіледі.

- Мәнерлеп сырғанауға оқушылар неше жастан қабылданады? Қызығушылар көп пе?

- Оқушыларды 3 жастан бастап қабылдай аламыз. Қазіргі кезде үйірмеде 5-13 жас аралығындағы елуге жуық оқушы бар. Биыл 70 оқушыға дейін көбейткіміз келеді. Үйірме тегін, оған қоса арзан бағамен балаларға коньки алып беру мүмкіндігіміз бар. Жаттықтырушылар да жақсы.

- Қандай жаттықтырушы?

- Биыл мәнерлеп сырғанаудан алматылық спортшы, Қазақстан чемпионы Артур ПАНИХИН деген жаттықтырушыны жұмысқа алдық. Хоккейден балалар командасының жаттықтырушысы Сергей ОГОРОДНИКОВ. Бейбарыстың бас бапкері клуб құрылғалы бері келе жатқан Артём АРГОКОВ.

- Біздің қалада қысқы спорт түрлерін дамытуға не қажет деп ойлайсыз?

- Қаладан екінші мұз айдынын ашса, өңірде шорт-тректі де қолға алып, хоккейден жастар командасын құруға да болады. Қысқы спортты дамытуға облыстың ауа райы сәйкес келмегенімен,  екінші мұз айдыны бұл мәселені реттей алады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 қаңтар 2021, 15:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.