АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы қызметіндегі соңғы жолдауын жариялады. Бүгін, 20 қаңтарда ол қызметін босатып, орнына жаңадан сайланған президент Джо Байден келеді, деп хабарлайды nur.kz РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, қызмет мерзімінің басында оның, әкімшілігінің және бүкіл Американың алдында елді және оның рухын қалпына келтіру, сондай-ақ биліктің халық алдындағы жауапкершілігінің қасиетті қағидасын жандандыру мақсаты қойылған болатын.
Мемлекет басшысы өзінің қоштасу сөзінде бұған қол жеткізіліп қана қоймай, одан да көп нәрсе жасалғанын мәлімдеді және ол осы жетістіктерімен мақтанатынын алға тартты. "Біз не істеу керек болса, соны жасадық", - деп сөзін бастады ол.
Сондай-ақ, Трамп өзінің 19 минуттық сөзінде "оншақты жыл ішінде жаңа соғыс бастамаған алғашқы президент" болғанына баса назар аударды.
Қызметтен кетіп жатқан президент оның әкімшілігі АҚШ күшін және "Американың шетелдегі көшбасшылығын" қалпына келтіргеніне сенімді. "Біз (басқа мемлекеттермен - ред. ескертпесі) өз одақтарымызға жаңа тыныс бердік және әлемнің басқа да елдерін Қытайға бұрын соңды болмаған күшпен қарсы тұруға шақырдық", - деді мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ Америка Құрама Штаттары үшін ең үлкен қауіп - өзіне және оның "ұлттық ұлылығына" деген сенімді жоғалту екенін атап өтті. Трамп Американың қауіпсіздігі мен гүлденуін сақтаудағы жаңа әкімшіліктің жұмысына сәттілік тілеп, дұға етіп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы АҚШ тұрғындары мен азаматтары, сондай-ақ олардың балалары үшін алда әлі де жақсы кезеңдер күтіп тұрғанына сенім білдірді.