Германиядан орала салысымен Мәскеу әуежайында ұсталып, бір күннен соң 30 күнге қамалған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өзін қамауға санкция берген соттан кейін ресейліктерді "қорықпай көшеге шығып, наразылыққа шығуға" үндеді. 18 қаңтар күнгі сот тыңдауын ол “сот жүйесін мазақтау” деп атады. Қысқа уақыт аралығында 2,5 млн рет көрілген видеода саясаткер Ресей билігінің наразылықтан қатты қорқатынын айтып, "мен үшін емес, өздеріңнің келешектерің үшін шығыңдар" деген, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Дүйсенбі күні Химки соты Навальныйды 15 ақпанға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Сол уақыт аралығында басқа сот оның шартты жазасын түрме жазасына ауыстыру мәселесін қарайды. 2014 жылы Навальный "алаяқтық" бойынша айыпталып, 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.
Халықаралық қауымдастық Навальныйды қамауды айыптап, Ресей президенті Владимир Путиннен оны тез арада босатуды талап етті.
18 қаңтарда Санкт-Петербургте полиция "Гостиный двор" кешені алдына жиналған Навальныйдың ондаған жақтасын ұстады. Осыған ұқсас ұстаулар Мәскеу мен Ресей астанасы маңындағы Химки елді мекенінде де болған.
Полиция 17 қаңтарда Германиядан ұшып келген 44 жастағы Кремль сыншысы Алексей Навальныйды Шереметьево әуежайындағы кеден бекетінен ұстаған. Тамыз айының соңында комаға түсіп, Берлиндегі клиникаға емдеуге жіберілген Навальный сол жақта есін жиып, қыркүйек соңында ауруханадан шыққаннан кейін Германияда сауықтыру бағдарламасынан өткен. Ол содан бері Ресей аумағына алғаш рет аяқ басқанда ұсталып отыр.