Кешегі «Нәрестенің өлімі туралы іс» бойынша жарияланған сот үкімі сотталушылар мен олардың туыстарының көңілін бұзды.
Өзінің жаза мерзімін (16 жылға бас бостандығынан айыру) естіген акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН «Мен келіспеймін!» деп, айыпталушыларға арналған кабинаның әйнегін ұра бастады. Содан кейін судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА қарауылдан оны залдан алып кетуді сұрады.
Қуаныш НЫСАНБАЕВҚА (18 жыл) қатысты шығарылған сот үкімін естіген оның әйелі судьяға «сіздерді антикор басқарып отыр» деп, судьяға дөрекі сөздермен айқайлай бастады. Сот приставы «Осы жеті ай бойы не тыңдады?!» деп айқайлаған әйелді сот залынан шығарып жіберді.
Судья сотталушылардан «үкім түсінікті ме?» деп сұрады. Нысанбаев «ештеңе түсінікті емес» деп, әділ соттың болмағанын және «Әлімбаева неге мұнда жоқ (кезекші неонатолог - А.С.), баланы бірінші болып тексерген сол ғой!» деп айқайлай бастады. Айналғанда қарауыл оны да залдан алып кетті.
Акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА (ол 15 жылға сотталды) да үкіммен келіспейтінін айтты.
- Дәрігерлердің айтқанын істедім, еш кінәм жоқ! - деді Құлбатырова айқайлап.
Судья сотталушылар мен адвокаттарға 15 күн ішінде апелляциялық шағым беруі керек екенін ескертіп, сот үкімін соңына дейін жариялады.
Айнұр САПАРОВА