Атырау, 23 сәуір 13:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Атыраудың жаңа мәслихатының бірінші сессиясынан көрініс

Сурет
3 355 просмотра

15 қаңтар күні VII шақырылымның жаңадан сайланған Атырау қалалық мәслихаты депутаттарының алғашқы сессиясы өтті. «АЖ» тілшісі байқаған қызықты көріністер - назарыңызда.

Қалалық әкімдіктің 4-қабатында қызметкерлер келген депутаттарды белгілеп, оларды орындарына жайғастырмас бұрын, төсбелгі мен мандатты Атырау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Есенжол ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ қолынан қалай алу керектігін түсіндірді.

Залға кіре бергенде кейбіреулері «табалдырықты» оң аяғымен аттаса, біреулері күбірлеп, біссімілләсін айтып кірді. Жалпы, залдағы көңіл-күй көтеріңкі  болды деуге болады.

Жаңадан келгендер депутаттық төсбелгіні қай жағынан тағатынын білмеді. Қалалық перинаталдық орталықтың директоры Гүлзейнеп ДЮСУПОВА өзінің тәжірибелі депутат екендігін көрсетіп, оларға төсбелгілерін тағуға көмектесті.

VII шақырылған қалалық мәслихатқа 24 депутат сайланды. Олардың арасында мемлекеттік орган басшылары, жеке кәсіпкерлер, бюджет қызметкерлері, оқу орындарының директорлары мен қызметкерлері, тіпті театр актері де бар. Ең жас депутат – 24 жаста: ол А.Досмұхамедұлы атындағы мемлекеттік университетте жұмыс істейді.

Отырыс басталмас бұрын депутаттарға танысу үшін күн тәртібіндегі «2021-2025 жылдарға арналған Атырау қаласын аумақтық дамыту бағдарламасы» тақырыбындағы негізгі баяндаманы таратты. Біреулер оқи бастаса, енді бірі папканың ішіне ұялы телефондарын салып, әлеуметтік желіде отырды.

Енді 24 депутаттың арасынан Атырау қаласы мәслихатының хатшысын сайлау қажет болды. Қаршыға Жауымбаев (ол да екінші мерзімге сайланды) бұл орынға «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Отбасы банк») АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАНДЫ ұсынып, бәрі қолдап дауыс берді. Сөйтіп, мәслихат қызметкерлері оның аты-жөні жазылған тақтайшаны қойып, оны Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ қасына отырғызды. Бәлкім, мәслихат қызметкерлерінің арасында алдын-ала біліп отырған көріпкел бар шығар? Өйткені, осындай тағы 23 тақтайшаны дайындап қоюы неғайбыл.

Осыдан кейін жұмыс уақыты басталды. Депутаттар мұнайлы астананың алдағы бес жылға аумақтық даму бағдарламасын бекіту үшін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының м.а. Айнұр ӨТЕҒАЛИЕВАНЫ тыңдады. Тақырып маңызды, өте қызықты болса да, ешкімде сұрақ туындамай, бәрі бірден және бірауыздан қолдап, дауыс беріп жіберді.

«Дежавю» сезімі пайда болды... Бәлкім, көш жүре түзелер!?

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

16 қаңтар 2021, 15:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.