Атырау, 19 сәуір 16:05
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Әке жолын жалғастырған жас айтыскер

Сурет Бейнежазба
8 346 просмотра

16 жастағы жылыойлық айтыскер Ернұр ИСАҚАЕВ жақында Алматы қаласында өткен республикалық жас ақындар айтысының бас бәйгесін қанжығалап қайтты. «АЖ» тілшісі әкесі, танымал ақын Салауат Исақаевтың таланты дарыған Ернұрмен әңгімелесті.

- Алматы қаласында әкеңіздің ізі қалған сахнада өнер көрсетіп, мықтылардан озық болып келдіңіз. Қандай әсермен оралдыңыз?

- Жобаға белгісіз себептермен кейбір ақындар келмей қалуына байланысты айтыскер ақын Балғынбек Имашев хабарласып, бағыңды сынап көресің бе деген ұсыныс айтты. Ол менің сахнадағы өнерімді осыдан екі жыл бұрын әкемді еске алуға арналған айтыстан көрген еді. Мұндай мүмкіндікті жіберудің өзі қателік болар деген оймен, келісім бердім.

Әрине, үлкен сахнаға алғаш шығуым болғандықтан, бұл шағын сынақ болды. Айтысқа әр түкпірден 40-тан астам адам қатысты. Олардың арасында бұрын әкеммен сөз қағыстырған ақындар да бар.

Артымда ел намысы тұрғандықтан бұл жүктен абыроймен құтылғаныма қуандым.

- Әкеңіз бар кезде сахнаға шықпай жүруіңіздің себебі не? Артында ізімен жүрер айтыскер өсіп келе жатқанын әкеңіз білді ме? 

- Әкем бұрында құлынды құнан жарысқа, құнанды аламан жарысқа салуға болмайды дейтін. Мен әлі мектеп оқушысы болған соң әкем мені тауы қайтып қалар деп, облыстық айтыстарға шығармады. Содан соң уақыт келді. Айтыс сахнасына ең алғаш Құлсары қаласында әкемді еске алуға арналған батыс аймақтық ақындар айтысына қатыстым. Сол кезде Балғынбек Имашевтің көзіне түсіппін.

- Айтыста ұстазыңыз бар ма? Кімді үлгі тұтасыз?

- Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін деген. Әкеммен бірге жүрген ақындардың барлығын үлгі тұтамын. Әкем ұстаз тұтқан Мэльс Қосымбаевты, Жәкен Омаровты, Шынарбек Қабиев, Нұрлан Мұсаевты, әкемнің шәкірті болған Сырымбек Сәрсенбаев ағамды ұстазым деп санаймын.

- Айтыстан кейін сізге сахнада ақын Балғынбек Имашев өзінің домбырасын сыйға тартты...

- Иә, бұл мен үшін үлкен құрмет. Сахнаға әкемнің 2006 жылы «Айтыс Қазақстан чемпионатына» қатысқан кезде өзіне арнайы жасатқан домбырасын алып шықтым.

- Бас бәйгенің ақшалай сыйлығы да бар шығар?

- Иә, 2 млн ақшалай сыйақы берді. Оны соңғы жұпта серіктесім болған әнші Ердос Қанаев екеуміз бөлістік.

- Қазір немен айналысасың, алдағы мақсатың қандай?

- Қазір Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысымын. Биыл мектеп бітірген соң Астана қаласындағы Шабыт ұлттық университетіне түссем деген мақсатым бар. Әке жолымен ақындық қасиетімді одан әрі дамытсам деймін. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 қаңтар 2021, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.