Атырау, 25 сәуір 00:48
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Пара дәметкендер әуре-сарсаңға салады

2 002 просмотра

Transparency Kazakhstan қорының сауалнама нәтижелері бойынша Атырау облысы ең «жемқор» аймақтардың бірі болып отыр. Бұл Transparency Kazakhstan атқарушы директоры Ольга ШИЯННЫҢ Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінен айқын көрінеді.

Өткен жылы жүргізілген мониторинг барысында қор қызметкерлері облыс және аудан орталықтарындағы 9 мың респондентке сауалнама жүргізіп, «Ашық диалог» порталына түскен 1347 өтінішті талдады.

Респонденттердің 11,3%-ы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа тап болған, ШОБ өкілдерінің 8,2%-ы бұл мәселені «бейресми жолмен» шешу қажеттігіне тап болған.

- Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, көбінесе мәселелерді Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсіпкерлердің пікірі бойынша, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында бейресми жолмен шешуге тура келген, - дейді Шиян.

«Азаматтардың ем алу немесе емделуге жолдама алу (12,7%), жұмысқа орналасу (10,1%), баланы балабақшаға орналастыру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-дан анықтама алу (5,1%), ЖОО-дағы сессияны «жабу» (4,4%), салық есебін тапсыру (9%), жол берілген бұзушылықтар бойынша жауапкершіліктен құтылу (8,4%) қажеттілігі «жемқорлыққа» себеп болған.  

Сауалнамаға қатысқандардың айтуынша, қандай да бір мемлекеттік мекеменің қызметкері пара алғысы келсе, азаматтар жұмыс тәртібімен оңай шешілетін мәселелер бойынша жүгінгенде, оларды әуре-сарсаңға салады. Пара сомасы - 1 000-нан 300 000 теңгеге дейін.

Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы мәселеге қатысты былтыр жемқорлық қылмысы үшін 51 адам бас бостандығынан айырылған, ал мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеден астам қаражат кері қайтарылған.

Соңғы екі жылда Атырау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері пара берудің 480, кәсіпкерлер құқығына заңсыз қол сұғудың 713 фактісін анықтады. Жемқорлық көріністерінің басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдары саласында бой көрсеткен.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

14 қаңтар 2021, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.