АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа екінші мәрте импичмент жариялады. Президент адамдарды бүлікке шақырды деп айыптаған қарарды палатаның 232 мүшесі қолдаса, 197 конгрессмен қарсы дауыс берді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Шешімді қолдағандар арасында Республикалық партияның 10 мүшесі бар. Америка тарихында алғаш рет ел президентіне тағылған айыпты оның мұнша көп партияласы қолдап отыр. Мұның алдында, 2019 жылы Трампқа жарияланған импичментті Республикалық партияның бірде-бір мүшесі жақтамаған. Бұған дейін Конгрестегі партияластарының ең көп қарсылығына ұшыраған президент Билл Клинтон болатын. 1998 жылы оған жалған куәлік берді деп айып тағылғанда, Демократиялық партиядан сайланған 5 конргессмен Клинтонға қарсы дауыс берген. Кейін солардың төртеуі Республикалық партияға ауысып кетті.
Трамп – АҚШ тарихындағы Конгрестің төменгі палатасы екі рет импичмент жариялаған алғашқы президент. Енді оны қызметінен кетіру мәселесін Конгрестің жоғарғы палатасы – сенат шешуі керек. Оған тағылған айыпты сенаторлардың 3-тен 2-сі қолдаса ғана импичмент жүзеге асады. Алайда қазір сенатта қос партиядан сайланғандар саны тең.
Өкілдер палатасы мұның алдында Трампқа былтыр 15 қаңтарда импичмент жарияланған. Ол кезде президент "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталды. Алайда сенатта көпшілік болып отырған республикашылдар оны ақтап шыққан.
Сенаторлар 19 қаңтарға дейін демалыста. Ондағы көпшіліктің жетекшісі, республикашыл Митч Маконнелл палатаның төтенше жиынын шақырмайтынын мәлімдеді. 20 қаңтарда жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясы өтуі тиіс. Соған дейін импичмент мәселесі сенатта қаралуы неғайбыл.
Былтыр қарашада президент сайлауында демократ Джо Байденнен жеңілген Дональд Трамп "сайлауда бұрмалау көп болды" деп нәтижені мойындамай келеді. Оның өкілдері біршама штатта сотқа ондаған шағым түсіріп, бұл пікірді дәлелдей алмады.
6 қаңтарда Трамп қатысқан митингіден кейін оның ашулы жақтастары Вашингтондағы Капитолий ғимаратына басып кіріп, Джо Байденнің жеңісін мақұлдамақ болған Конгрестің жиынын тоқтатып, тәртіпсіздік жасаған. Оқиға кезінде бес адам қаза тапқан. Трамп митингіде жақтастарын күш қолдануға шақырмағанын айтты.
Оқиғадан соң көп ұзамай Twitter мен Facebook желілері Дональд Трамптың аккаунттарын бұғаттап тастады.