Атырау, 25 сәуір 04:51
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жылу үшін төлемақы неге көбейді?

2 209 просмотра

Атырау тұрғындарының көппәтерлі үйдегі жылу төлеміне қатысты наразылығы көбеюде. Олардың айтуынша, алдыңғы аймен айырмашылық – 3-4 мың теңге және одан жоғары. 12 қаңтарда Құрманғазы көшесіндегі үйлердің тұрғындары аулаға жиналып, оларға қалалық әкімдік пен АЖЭО жылу энергиясын сату қызметінің өкілдері келді.

- Тариф көтерілген жоқ, қазан, қараша және желтоқсан айларының түбіртегінен тарифті көре аласыздар. Көрсеткіштер үйдің ортақ жылу есептегішінен алынады, - деді өзін Василий деп таныстырған қызмет басшысы.

Үй тұрғыны бұрын айлар бойынша төлем айырмашылығы 500, 800 теңге болғанын, ал биыл айырмашылық көбейгенін айтты.

- Бірдей аудандағы пәтер үшін түрлі сома шығатыны түсініксіз. Былтыр 12-13 мың теңге болатын, бірақ ешқашан 15-16 мың теңге болып көрген емес. Егер тариф өзгермесе, жылу тұрақты берілген болса, неліктен биыл көп сома шығып отыр? Бізге түсіндіруді сұраймыз. Қыста пәтеріміз ыссы болмайды, қоңырсалқын болып тұрады, - дейді әйел.

Қызмет бастығы температураның төмендеуіне байланысты есептегіштің көрсеткіші көп шығып тұрғанын айтты.

- Біз цифрды ойдан емес, есептегіштен алып отырмыз, - деді ол. Содан соң тұрғындардың есептегіштен көрсеткіш алу кезінде бірге  қатысып, ПИК-тен көрсеткіш алу журналын талап ете алатынын айтты.

Тұрғындар ренішін одан әрі жалғастырды:

- Қазір мұндай соманы төлей алмаймыз, бәріміздің несиеміз бар. Ендеше бөліп төлейтін қылыңдар. Температура төмендейді, соған сәйкес төлемақы да көп болады деп, алдын ала ескертуге болмас па еді?

Бөліп төлеуге қатысты АЖЭО өкілі өтініш жазу керектігін, оның әрқайсысы жеке қаралатынын айтты.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі өз тарапынан қала әкімі бұл жағдайды өз бақылауына алғанын, мәселенің шешімі іздестіріліп жатқанын айтты.

2020 ЖЫЛДЫҢ СУЫҚ ЖЕЛТОҚСАНЫ

Сол күні AЖЭО вице-президенті Алла КАНЦЕВАНЫҢ және табиғи монополияларды реттеу департаменті өкілінің қатысуымен брифинг өтті. Спикерлер артық ештеңе айтпады - тарифтердің көтерілмегенін, 2020 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша нақты тұтынылған жылу үшін шығып тұрған сома екенін қайталады.

- Айырмашылық ауа температурасының төмендеуіне байланысты туындады. Қарашада +1,4 градус, ал желтоқсанда -8,4 градус болды, - деді А.Канцева.

Оның түсіндіруінше, ЖЭО өкілдері әр айдың 20-сынан кейін ПИК өкілімен бірге тұрғын үй орынжайында орнатылған ортақ жылу есептегішіндегі көрсеткішті жазып алады. Бұл орынжайдың кілті ПИК өкілінде болады. Есептегіш бүкіл үйді жылытуға жұмсалған жылу энергиясының көлемін көрсетеді.

- Мен бұл көрсеткіштерді өзгерту мүмкін емес екенін айтқым келеді. Аспап төлемге негіз болатын сыртқы ауаның нақты температурасын есептейді. Ал ортақ есептегіші жоқ үй тұрғындары үшін төлемақы орташа температурамен есептеледі. Ал жылу беру маусымы аяқталған кезде жыл сайын жылу энергиясы үшін сыртқы ауаның нақты температурасы бойынша төлем қайта есептеледі, - деді А.Канцева.

Оның айтуынша, «Қазгидромет» ақпаратына сәйкес, 2019 жылдың қарашасында температура +0,5, желтоқсанда – 0,6 болған.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

13 қаңтар 2021, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.