Атырау, 29 наурыз 15:38
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жемшөп субсидиясына кім ілікті

1 944 просмотра

Шаруалар мал азығын дайындағандары үшін алатын субсидия қаржысынан қағылғандарына үш жыл болған еді. Өткен жылдың аяғында жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 698,9 млн теңге бөлініп, жағдай күрт жақсарды. Бірақ бәрінікі емес.

Бұл қаржыны 159 шаруа қожалығы алды. Дер кезінде өтініш бергендерге 20 млн берілген болса, кешіккендер 1-2 млн теңгеден субсидия қаржысына ілікті. Мүлдем ала алмай қалғандар да болды.

- Шаруалар соңғы екі жыл бойы жауын-шашын азайып, қуаңшылық белең алып, мал азығын дайындауда қиыншылықтарға тап болды. Шабындық жер тапшы бола бастады. Барды тырмалап, көрші Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан, болмаса көршілес аудандардан дайындап қиындықтан шыққандай болды. Осыған орай өткен жылдың аяғында облыс әкімшілігіне мал азығын дайындағандарға субсидия қаржысын бөлу жөнінде ұсыныспен шыққан болатынбыз, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.

- Неліктен шаруа қожалықтары алған сомаларда айырмашылық бар? ШҚ басшылары бөлінген субсидия туралы дер кезінде хабарламады деп отыр.

- Жемшөп субсидиясы малды асылдандыру және тұқымды түрлендірумен айналысқандарға берілді. Ал аналық мал, соның ішінде, ірі қара, жылқы, түйе 50, қой 300 бастан кем болмауы тиіс. Біз қажетті құжат жинау жөнінде аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімдері, фермерлер чатында уақытылы хабарладық. Қаржы электронды базаға түскен бойда шаруалардан құжаттарды қабылдау басталды. Ол желтоқсанның 15-20-сы аралығында ғана жүрді. Біз демалыссыз жұмыс жасадық. Электронды базадағы қаржы біткенше құжат қабылдап, ақша біткенде автоматты түрде жабылды. Көбі үлгерді, үлгермегендер де болды. Себебі - шаруалар ветеринариядан есепке алу нөмірі дегенді алмады және малдарын базаға дұрыс тіркетпеген. 

- Мақат ауданынан бірде-бір шаруашылық субсидияға ілікпеген. 

- Шаруашылық басшылары қажетті құжаттарды түгендеуде салғырттық жіберіп алды.  Бұл бізге де сабақ болды. Осы жылы ертерек қимылдайтын боламыз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 қаңтар 2021, 16:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.