Атырау, 13 қазан 21:24
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Атыраудағы парламенттік сайлау. Онлайн

Сурет Бейнежазба
2 367 просмотра

10 қаңтарда Қазақстанда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. 

*****

Астана уақытымен сағат 22.00-де Атырау облысында алдын-ала дауыс беру 56,4% болды.

*****

№10 сайлау учаскесінде комиссия мүшелері пайдаланылған бюллетеньдерді санаудан бастады. Құқық қорғаушы, тәуелсіз бақылаушы Әсел Нұрғазиева оларға мұның заң бұзушылық екенін ескертті. Нұрғазиеваның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 43-бабына сәйкес, комиссия алдымен пайдаланылмаған, содан кейін пайдаланылған бюллетеньдерді жоюға міндетті. Бақылаушы ескерту жасағаннан кейін комиссия мүшелері бюллетеньдерді қатар санауға кірісті.

*****

№10 сайлау учаскесінде дауыс санауға кірісті.

*****

Атырау облысында дауыс беру аяқталды. Ортсайлаукомның ресми статистикасы бойынша, сағат 20.00-де Атырау облысында сайлауға тұрғындардың 55,5%-ы  дауыс беруге келген.
"АЖ" тілшілерінің бақылауынша, сағат 19.00-де №10 сайлау учаскесінде 1890 адамның 650-і дауыс берді, №256 сайлау учаскесінде 1601 сайлаушының 738-і дауыс берді. №245 сайлау учаскесінде сағат 15.55-те сайлауға 9,3% қатысты - 1948 адамның 182-сі сайлау учаскесіне келді.

*****

Кешке, сағат 18.40 шамасында, Атыраудың кейбір аудандарында жарық апатты түрде сөніп қалды. Сайлау учаскелерінде адамдар қараңғыда дауыс беруде.

*****

Астана уақытымен сағат 18.00-дегі жағдай бойынша, Атырау облысында сайлаушылар белсенділігі 51,1% болды.

*****

Астана уақытымен сағат 16.00-де Атырау облысында сайлаушылар белсенділігі 45,6% болды.

*****

Сайлаушылары дауыс беретін жерін таба алмаған №91 сайлау учаскесі бойынша облыстық сайлау комиссиясы барлық сайлаушылар тізімі мен учаскелердің мекен-жайын Атырау қалалық әкімдігі жасайтынын айтты. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі комментарийді сәл кейінірек береміз деп жауап берді.

*****

Сағат 14.00-де Атырау облысында сайлаушылардың белсенділігі 37,3% болды.

*****

46-сайлау учаскесінде орын жоқтығына байланысты «НұрОтан» партиясының үш бақылаушысын кіргізбеді.

*****

Сағат 12:00-де Атырау облысында сайлаушылар белсенділігі 29,8% болды.

*****

№91 сайлау учаскесінің сайлаушыларына мұның алдында олардың сайлау учаскесі «Қазгидромет» филиалы ғимаратында екендігі жөнінде SMS-хабарлама келген. Алайда ғимарат бүгін жабық тұрды. Адамдар қай жерде дауыс беретінін білмей, көрші сайлау учаскелеріне барған. Сөйтсе, олар Нұрсая ықшамауданындағы №40 мектеп ғимаратында дауыс беруі керек екен.

*****

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы  Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан  №8  сайлау учаскесіне барып дауыс берді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Суретті Атырау облыстық коммуникациялар қызметі ұсынды


Таңертеңгі сағат 10-дағы ахуал бойынша,  Атырау облысында сайлаушылардың 10,3% -ы дауыс берді.

*****

Редакцияға Атыраудағы Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің (ҚЖАҚ) тәуелсіз бақылаушысы Мұратбек Қайыржанұлынан шағым түсті. Оның айтуынша, ол ПТР сынамасынан өтіп, нәтижесі теріс шықса да, оны сайлау учаскесінде бақылаушы ретінде тіркеуден бас тартқан. N31 сайлау учаскесінің төрағасы оның телефон нөмірін жазып алып, кейінірек хабарлауға уәде беріпті. Каримов өзіне және әкесіне белгісіз біреулерден қоқан-лоқы жасаған хабарламалар келе бастағанын айтады. Ол сайлауды бақылаудан бас тартты.

*****

№8 сайлау учаскесінде «Жастар үні» қоғамдық ұйымының тәуелсіз бақылаушысына орын берілмеген. Мұнда бақылаушы ретінде бес адам отыр, тәуелсіз бақылаушыға орын болмады.

*****

Бүгін таңертең тағы бір бақылаушыны №53 сайлау учаскесіне кіргізбеді.


*****

Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 35 370 сайлаушыға дауыс беру ұйымдастырылады. Оның ішінде 17 203 адам Атырау облысының тұрғындары» деп хабарлайды Aтырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлау учаскелері құрылмаған аумақтарда және жол қатынасы қиын аумақтарда сайлаушылардың өтініші негізінде дауыс беру ұйымдастырылады. Яғни, дауыс берушілер ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына 10 қаңтар, сағат 12.00-ге дейін жазбаша өтініш қалдыруы тиіс. Осы құқықты жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына байланысты пайдалана алады. Бұл жағдайда сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беру ұйымдастырылады. «Қашаған» кен орнына арнайы ұшақ жіберіледі.

Атырау облысы коронавирус инфекциясы таралуы бойынша «қызыл аймаққа» енуіне байланысты, өндіріс мекемелерінде қатаң санитариялық шектеулер енгізіліп отырғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, объектіге кірген және шыққан азаматтарға карантиндік талаптарды қатаң ұстану міндеттелуде. Сонымен қатар, дауыс берушіде міндетті түрде ПТР сынамасының теріс қорытындысы болуы тиіс.

Еске сала кетелік, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын сайлаушылардың 30 449-ы Теңіз кен орнында, 2600-і Қарабатанда, 437-сі Қашаған кен орнында, 1884-і «Ембімұнайгаз» өндіріс орнында еңбек етуде.

2020 жылдың 10 желтоқсандағы жағдай бойынша, 10 289 сайлаушы дауыс берушілер тізіміне енгізу бойынша, жергілікті атқарушы органдарға өтініш беріп үлгерген.

*****

Атыраудағы тергеу изоляторында 167 адам Парламенттік сайлауда дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

- Сайлау процесіне қатысушылар барлық азаматтар санитариялық-эпидемологиялық талаптарды қатаң сақтайтын болады. Сайлау комиссиясының мүшелері алдын-ала коронавирусқа ПТР әдісімен тест тапсырды. Өйткені Атырау облысы әлі де қызыл аймақта тұр, - деді облыстық ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Айта кету керек, осыған дейін тергеу изоляторының қызметкерлері айыпталушы азаматтарды дауыс беру тәртібімен, талаптарымен таныстырған болатын.

Тергеу абақтысындағы сайлау учаскелеріне кіру ҚР құқықтық-нормативтік актілерін және “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетсек,  “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңына сәйкес тергеу изоляторындағы сот үкімі әлі күшіне енбеген азаматтар дауыс беру құқығына толықтай ие.

Тергеу изоляторындағы дауыс беру. Сурет: ҚАЖД баспасөз қызметі

*****

Ақпарат жаңартылады...

10 қаңтар 2021, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.