Атырау, 13 қазан 21:26
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Бақылаушыларға арналған сынама және жоғалған мандаттар

2 408 просмотра

Сайлау қарсаңында Атырау облысында екі тәуелсіз бақылаушыға коронавирус бойынша жасалған ПТР сынамасы оң нәтиже көрсетті. Тағы бір тәуелсіз бақылаушыға коронавирус сынамасын тапсырмаса да, осындай нәтиже берілді.

Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар мен жоғары және орташа қауіптілік аймағындағы («қызыл», «сары аймақтар») сенімді адамдар 5-9 қаңтар аралығында ПТР-сынама тапсырып, сайлау күні өздерімен бірге теріс сынама нәтижесін алып жүруі керек деп мәлімдеді. Министр олардың сынаманы тегін тапсыратынын, оны әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі төлейтінін айтқан еді.

Біз «Мұқалмас» РҚҰ Атырау филиалының төрайымы Саябике ЖОЛДАСОВАМЕН хабарластық. «Мұқалмас» РҚҰ мүшелері - 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіз бақылау жүргізген "Тәуелсіз бақылаушылар Альянсы" қозғалысының белсенділері.

Жолдасованың айтуынша, Атырау облысында 264 сайлау учаскесі бар, 178 тәуелсіз бақылаушы тіркелген.

- Жақында біздің екі бақылаушы, Жылыой ауданынан Бағытжан ЕРҒАЛИЕВ пен Қоныс КУРБЕНОВ сынама тапсырып, ол күтпеген жерден оң нәтиже берді. Бұдан басқа, бақылаушы Қарлығаш СЕНҒАЛИЕВАҒА қоңырау шалып, сынама тапсырмаса да, оған оң нәтиже шыққандығы туралы хабарлады, - деді ол.

Оның айтуынша, филиал тәуелсіз бақылаушыларды дайындап, оларға сертификат табыстаған.

- Бірақ қазір кейбір бақылаушы түрлі себеппен сайлауға қатысудан бас тартуда. Біреуі ПТР сынамасын тапсырғысы келмейді, екіншісінде басқа себеп бар, - дейді Жолдасова. - Бірақ біз барлық учаскені қамтуға, бақылау жасап, заң бұзушылықтарды тіркеуге тырысамыз.

Біз бақылаушы Қоныс Курбеновпен телефон арқылы байланыстық. Оның айтуынша, Бағытжан Ерғалиев екеуі 6 қаңтарда таңертең сынама тапсырыпты. Медпунктте одан неліктен сынама тапсырып жатқанын сұраған.

- Мен сайлауға бақылаушы ретінде баратынымды айттым. Сол күні түстен кейін маған белгісіз біреу қоңырау шалып, өздері бізден ПТР сынамасын алу үшін Атыраудан келгенін айтты. Мен біздің тапсырғанымызды айттым. Ал келесі күні, 7 қаңтарда учаскелік дәрігер маған қоңырау шалып, сынамадан оң нәтиже шыққанын хабарлады. Ол енді мен үйде карантинде болуым керек деп ескертті. Бұл біздің сайлауға қатысуымызға кедергі келтіру әдісі деп санаймын, - дейді бақылаушы.

Бұдан басқа, ол облыстық филиал бақылаушыларға барлық рұқсат құжаттарымен бірге мандаттарды Құлсарыға такси арқылы жібергенін айтты. Алайда көлік жолда бұзылып, 40-қа жуық мандат із-түзсіз жоғалып кеткен.

Естеріңізге салсақ, 10 қаңтар, жексенбіде Қазақстанда партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 қаңтар 2021, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.