Twitter әлеуметтік желісі АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын біржолата блоктап тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Америка дауысы ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Twitter компаниясы осыған байланысты мәлімдеме жасады.
«@realDonaldTrump аккаунтында жарияланған соңғы твиттерді және оның мазмұнын, әсіресе оның Twitter қауымында қалай қабылданып, әрі қарай қандай контексте тарағанын егжей-тегжейлі тексеріп шыққан соң осындай шешім қабылдадық. Біз зорлық-зомбылыққа апарып соғу қаупін ескере отырып аккаунтты біржола өшірдік. Осы аптадағы сұмдық оқиғалардан кейін біз Twitter қолдану талаптарын қайтадан бұзу дәл осындай жағдайларға әкелетінін хабарлаған болатынбыз. Біздің талаптар таңдаулы ресми тұлғалар мен әлемдік көшбасшылардан тікелей ақпарат алуға мүмкіндік береді. Алайда біз әу бастан бұл аккаунттар біздің ережеге бағынуға тиіс екенін және олар Twitter-ді зорлық-зомбылық туғызу үшін пайдалана алмайтынын анықтап түсіндірген едік» делінген компания хабарламасында.
Twitter сонымен қатар Дональд Трамптың соңғы твиттері мен олардың кей қолданушыларға қалай әсер еткеніне жасалған анализдің қорытындысын жариялады. Компания бұл твиттер жаңадан зорлық-зомбылық жасауға себеп болуы мүмкін деп отыр. Президент кезінде Дональд Трамп 26 мыңнан астам твит жариялаған.
Күніне орта есеппен 18 твит жазып отырған. Twitter шешімі жайлы Дональд Трамп былай деді: «Біздің аузымызды ешкім жаба алмайды. Жақын арада оның орнын басатын жаңа платформа жасауды қарастырып жатырмын». Ол бұл сөздерді өзінің ресми Twitter аккаунтында жазды, алайда компания оны бірден өшіріп тастады.