Атырау, 13 қазан 21:30
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Жеңіс саябағының жағдайы алаңдатады

Сурет
2 865 просмотра

«АЖ» редакциясына қала тұрғындары хабарласып, Жеңіс саябағының қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Мәңгілік алаудың айналасы қоқыс пен түкірікке толып, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың бюсттері құстардың саңғырығынан көз ашпайды. «АЖ» тілшісі де Жеңіс саябағын өз көзімен көріп қайтты.

Естеріңізге салсақ, қыркүйек айында Атырау қаласы әкімдігі саябақты сенімгерлік басқаруға беру үшін  электрондық сауда-саттыққа шығарған болатын. Сатып алушы Жеңіс саябағын мақсатты пайдаланып, тіпті, жасыл-желегі мен қоқыстарына да жауап беруі керек болатын. Алайда сатып алушылар табылмады.

Содан болар, Жеңіс саябағының күйі кетіп қалды деп айтуға әбден болады. Мәселен, саябаққа кірер кезде орналасқан 14 жерлес батырымыздың бюсті құстың саңғырығын жамылған. Әр жерде қолданылған бетперделер, бос құтылар мен темекі қораптары ғана шашылып жатыр. Мәңгілік алаудың оты өшіп қалғанымен, газдың дыбысы шығып тұр. Өкінішке орай, алау орналасқан сары жұлдыздың түсі қараға боялып, айналасы өте қатты ластанған. Тіпті, біреулер бос құтыны балқытып, енді бірі шылым тұтатқан.

Айта кету керек, дәл Мәңгілік алауға бағытталып, бейнебақылау камерасы орналасқан. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл бейнебақылау камерасы Атырау ҚПБ Жедел басқару орталығына қарайды. Бұзақылар пластик құтыны балқытып, шылым шеккен кезде камера қайда қарап тұрған?

Шенеуніктердің айтуынша, Жеңіс саябағы әлі де Атырау қаласы әкімдігінің балансында, яғни, ол үшін «Арнаулы авто база» ЖШС жауап береді. Әзірше Жеңіс саябағы ұят саябағына айналмай тұрғанда, дереу тазарту жұмыстарын жүргізу керек.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

8 қаңтар 2021, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.