
Жаңа жыл қарсаңында Атыраудағы дүкен мен супермаркеттерде жұмыртқа бағасы күрт қымбаттап кетті, қала тұрғындары он данасын 500, кей жерлерде 520 теңгеге сатып алуға мәжбүр болды. Сатушылар бұған жеткізілімнің күрт азайып кеткендігі себеп болды дейді.
Комментарий алу үшін біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВҚА жүгіндік.
- Атырау облысына жұмыртқаның басым бөлігі солтүстік облыстардан, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан әкелінеді. Бірақ құс тұмауының салдарынан бұл өнімнің өндірісі, тиісінше, жеткізілім де азайды. Екіншіден, жергілікті «Алмалы құс» құс фабрикасы өз өнімдерін негізінен келісімшарт жасалған ірі компанияларға, мысалы, Теңізге жеткізеді. Ал Атыраудың сауда нүктелеріне қалған өнімдер келеді.
Бұдан басқа, өткен жылдың қаңтарында отандық құс фабрикаларында тауық жұмыртқасын өндіруді субсидиялау тоқтатылды: Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл салада онсыз да бәрі жақсы деп ұйғарды. Жергілікті өндірушілер бұл бағаның көтерілуіне әкеледі деп ескерткен еді. Енді солай болып отыр.
- Тамыз айында субсидия қалпына келтірілді, фабрикалар жұмыртқа басатын тауық санын көбейте бастады, бірақ олар өсіп, жұмыртқа беру үшін уақыт керек. Екінші жергілікті фабрика, «АтырауСауда» ЖШС-іне ("Бақайқұс" деп те аталады) келетін болсақ - оның жергілікті өндірістегі үлесі онша көп емес, олар негізінен Жылыой ауданын қамтамасыз етеді, - дейді Қ.Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, қазір жұмыртқаға шекті бағаны экономикалық жағдайды ескеретін арнайы әдісті қолдана отырып бекіту процедурасы жүріп жатыр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
В Атырау 0