Атырау, 13 қазан 23:20
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Пәтер сатып алам деп, 35 миллионынан айырылды

2 889 просмотра

Тура бір жыл бұрын Атырау қаласының тұрғыны Орынбасар ДҮЗБАЕВ Ақтауда Артур ТЕМІРҒАЛИЕВТАН 35 миллион теңгеге 4 бөлмелі пәтер сатып алған. Алайда, көп ұзамай пәтердің бұрынғы қожайыны А келіп, өзінің мүлкін заңсыз иемденгені туралы сотқа талап-арыз түсіріп, сотта жеңіп шықты. Дегенмен бұл сот шешімін әділ деп айту қиын.

Осы уақыт ішінде пәтерді сенімхат арқылы сатқан Темірғалиев бой тасалап үлгерді. Өйткені оған қатысты алаяқтықтың басқа эпизодтары бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Ол қазір іздестіріліп жатыр. Бірақ осы маңызды жайт та басқалар секілді (бұл туралы төменде) ескерілмеді. Ақтау қалалық сотының судьясы Қуандық АКЕРОВ бұл істі пәтердің бұрынғы иесінің пайдасына шешті. Сөйтіп Дүзбаев 35 миллион теңгесінен айырылды.

- Мен де басқа жұрт секілді пәтер алмас бұрын оның сипаттамасымен таныстым, содан кейін өткен жылдың 16 желтоқсанында менің өкілдерім маклер Тимурмен бірге оны қарап шықты. Сол кезде пәтерде талапкердің туыстары болды, олар кейін пәтерді босатқан еді, - дейді Орынбасар Дүзбаев. - Пәтердің сатылатынын және мәміле жасалуы ықтимал екенін A-вқа белгілі болды, өйткені оның рұқсатынсыз туыстары менің өкілдерімді кіргізбес еді. Тиісінше, талапкердің пәтерінің сатылғанын «кездейсоқ» білдім деуі шындыққа сай келмейді.

Сот отырысы кезінде Дүзбаев судьяға орынды сұрақ қойды: егер пәтер сатылмаса және талапкердің Темірғалиевқа шынымен еш қатысы болмаса, онда үйдің заңды құжаттарының түпнұсқасы Темірғалиевтың қолына қалай түскен? Жауап ретінде сотта талапкердің ұлы Темірғалиев оның досы екенін және оған заңды құжаттарды – еш себепсіз және түсіндірусіз бергенін айтты.

Дүзбаев қарапайым сұрақтар қойды: неліктен А-втың пәтер құжаттарының түпнұсқасы ұлында болған? Өзінде мұндай өкілеттіктер мүлдем болмаса да ол қандай құқықпен досына құжаттардың түпнұсқасын берген? Сот отырысы кезінде оның бұл сұрақтары мүлдем еленбеді.

НОТАРИУСТЫҢ МӨРІ КЕПІЛ ЕМЕС ПЕ?

- Барлық құжаттар Маңғыстау облысының нотариалды палатасы нотариустарының бірінде жасалып, куәландырылған. Теңіз жағасынан жылжымайтын мүлік сатып алғаныма қуанған едім. Темірғалиевтың қолында түпнұсқа құжаттары, иеліктен шығаруға (сатуға және т.б.) нотариус куәландырған сенімхаты болды. Мүлік ауыртпалығы туралы жылжымайтын мүлік базасынан тексердім. Бастапқы стандартты тексерулер еш күмән тудырмады. Сондықтан, мен нотариустың қатысуымен пәтер үшін 34 425 000 теңге (отыз төрт миллион төрт жүз жиырма бес мың) төледім. Сөйтіп ол мүлікті менің атыма аударып берді, - деп сөзін жалғастырды Дүзбаев. - Бірақ төрт айдан кейін маған соттан Ақтаудағы пәтерді «заңсыз иемденуге» қатысты шақырту қағазы келді. Мен ол кезде пәтердің ломбардқа кепілге қойылғанын білмедім және біле де алмайтын едім. Өйткені түпнұсқа құжаттары бар пәтерді сатып алдым, нотариустың қызмет ақысын да төледім.

Дүзбаевтың айтуынша, Ақтау қалалық соты нотариустың жалған сенімхат бергенін, ал Темірғалиев алаяқтық жасап, бөтеннің пәтерін сатқанын ескерместен шешім шығарған.

Дүзбаев Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым түсіріп, өзінің дәлелдерін егжей-тегжейлі баяндады, бірақ ол жерде бастапқы шешімді күшінде қалдырды.

- Мен бұл азаматтық істі тоқтатуды сұрадым, өйткені маған пәтер сатқан Темірғалиевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ екі сот инстанциясы талапкердің пайдасына шешім шығарды, ал облыстық сотта істі қарау бар болғаны 10 минутқа созылды, - дейді Дүзбаев.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта «PlusCapital» микронесие ұйымының директоры Артур Темірғалиевқа қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын және Дүзбаевтың арызы осы іс материалдарына біріктірілетінін хабарлады. Ал Дүзбаевтың өзі ҚР Жоғарғы сотына апелляциялық шағым дайындап жатыр.

Фархат ӘБІЛОВ

5 қаңтар 2021, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.