Атырау, 13 қазан 23:21
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Ақ Жайық» 2020 жылы не туралы жазды

3 758 просмотра

Қаңтар. 1 қаңтардан бастап «Атырау Су Арнасы» КМК сумен жабдықтау және су шығару қызметін көрсетуді ресми түрде жаңа «Атырау облысының Су Арнасы» КМК-на тапсырды. Енді 2018 жылдың желтоқсанында балықтың жаппай қырылуына қатысты шығынды ешкім төлемейді. Баймұханов көшесінде жарысып жүріп,  жасөспірімді қағып кеткен (жасөспірім сол жерде көз жұмды) жүргізушіге қатысты сот болды. Оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Қайрат Оразбаев Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Атырау облысы Түркістан облысына 9 миллиард теңгеге мәдени орталықты тарту етті (шығындарды жергілікті бюджет пен ТШО тең бөліп алды). Шетелдік нөмірі бар көлік иелері облыс әкімдігі ғимаратының алдында наразылыққа шықты.

Ақпан. Білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Нұрсәуле Сайлауова пара алғаны үшін қоныс колониясына 2 жылға жазаланды. Былтыр 29 маусымда Теңізде болған тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін «ССЕР» ЖШС-нің 26 жастағы бригадирі 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Тәртіпсіздік барысында 38 шетелдік пен Қазақстанның 6 азаматы жарақат алды. ҰҚКД қызметкерлері пара алды деген күдікпен әйелдер түзеу колониясының бастығы мен бас есепшісін ұстады. Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Мәншүк Аймұрзиеваға қатысты «Салғырттық» бабы бойынша сот басталды. Кейінірек оған 5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу үкімін шығарды. Атырауда коронавирус жұқтырғандар туралы расталмаған, алғашқы қауесет пайда болды.

Наурыз. Жайық сағасында Жайық-Атырау бекіре зауытының жұмысшылары салмағы 148 келі болатын уылдырықты қортпа ұстады. Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты мектеп оқушылары ерте демалысқа жіберілді, карантин шаралары енгізіле бастады. Бақытгүл Хаменова облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қазақстанда коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелгеннен кейін атыраулықтар жаппай азық-түлік сатып ала бастады. 16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Авиациялық және теміржол байланысы тоқтатылды, Теңіз кенішінде вахта ауысымы тоқтатылды. 30 наурызда Атырау облысында карантин енгізілді, қалаға кіре берісте блок бекеттер орнатылды.

Сәуір. Карантин басталғанда Атырауда бүкіл ойын-сауық мекемелері, балабақша мен мектептер жабылды, жұмыс орнынан анықтама болмаса көшеде жүруге болмайтын болды. Облыстық аурухана жабылды, мектептер қашықтан оқытуға көшті. Теңізде COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы науқас анықталып, ол жақта толық карантин жарияланды.

Атырау тұрғыны қалаға дәлелді себепсіз шыққаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды. Облыс орталығында автобустар мен такси қозғалысы тоқтатылды. «Болашақ» вахталық қалашық жұмысшылары басқа вахталық қалашықтың жұмысшыларын кіргізуге наразылық білдірді. Жұмысшылар коронавирус жұғады деп қорқып отыр.

Мамыр. Теңізде тағы да толқулар басталды - COC Realty компаниясының 100-ге жуық қызметкері қатаң карантин режимін жеңілдетіп, екінші ауысымға жұмысқа қалғандары үшін қосымша ақы төлеу туралы талаппен шықты. Атыраудағы карантин 25 мамырға дейін ұзартылды (әрі қарай біраз жеңілдетіліп, тағы бірнеше рет ұзартылады). Нұрлан Таубаев облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. «Жұлдыз» ықшамауданында бала жоғалып кетті - жүздеген полицейлер мен еріктілер бірнеше күн бойы іздеу жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде оның денесі үй ауласындағы септиктен табылды. 2019 жылдың қыркүйегінде облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Айып орындығында  - бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, акушер Жәмилә Құлбатырова, неонатологтар Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева бар.

Маусым. Облыстық прокуратура «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның алауда құрамында күкірт мөлшері көп 1,3 миллион текше метрден астам газдың заңсыз өртегенін анықтады. «ЕМГ» АҚ-нан қоршаған ортаға келтірілген 1 миллиард 281 миллион теңге көлемінде шығын өндірілді. Атырау тергеу изоляторындағы бүлік: ҚАЖКД хабарлағандай, сотталған бес адам ұстаудың белгіленген режимін бұзып, басқа сотталғандарды тәртіпсіздікке шақырды. Коронавирустан алғаш кісі өлімі тіркелді: қайтыс болғандардың бірі - атыраулық, екіншісі - Жылыой ауданынан келген қарт адам. Екеуі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделді. «Стройконтора» маңындағы жанармай бекетінде өрт болып, кейін жарылыс болды. Келесі күні жанармай цистернасының жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Артында төрт баласы мен жүкті әйелі қалды. NCOC компаниясында инфекция жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Коронавирусқа қатысты жағдай бақылаудан шығып барады - дәріханаларда ұзын-сонар кезектер пайда болды, ал қажетті дәрі-дәрмектер жеткіліксіз. Облыстық құрылыс басқармасына Тимур Басаров басшы болды. Жұмыскерде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеуге жер бөлінді.

Шілде. Shell мұнайгаз компаниясы барлық жұмысшылары мен олардың отбасыларын дерлік Қазақстаннан эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Атырау дәріханаларының алды әлі де ұзын-сонар кезекке толы. Қалада қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы сезілуде. Сәл кейінірек қалаға арнайы көлікпен дәрі-дәрмек препараттарының ірі партиясы жеткізілді.

ҚР Президенті Тоқаев Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке сөгіс жариялады - мемлекет басшысы әкімнің өз міндеттерін орындамайтынын мәлімдеді.

24 шілдеге қараған түні Атырауда бір әйел баласымен бірге орталық көпірден секірмек болды. Ұлттық ұлан сарбаздары суицидтің алдын алды.

Тамыз. Атырауда экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы таныстырылды. Оралда алаяқтық жасады деген күдікпен «Гарант 24 Ломбард» ЖШС менеджері ұсталды. Ол биылғы ақпан айынан бастап атыраулық салымшылардың «Гарант 24 Ломбард» ЖШС қаржылық пирамидасына тарту фактілері бойынша іздеуде болған.

Қала маңындағы Дамбы мен Құрманғазы ауылдарының жігіттері арасындағы төбелес кезінде танымал атыраулық спортшы, грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов оққа ұшып, қаза тапты. Сағындық Лұқпанов Атырау облысынан Сенат депутаты болды. Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқапов Атырау қаласының тумасы, танымал орындаушы Ақерке Бүркітбайға үйленді. Балабақшаларда 15 балаға дейінгі кезекші топтар жұмыс істей бастады.

Қыркүйек. Атырауда ақылды «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Сарыөзекте NCOC компаниясының қаражатына (7 млрд теңге) модульді инфекциялық аурухана құрылысы басталды. Каспий жағалауында қамыс жанып жатыр - «AЖ» мәліметі бойынша өрттің жалпы аумағы - 3670 гектар, ал жергілікті билік 10 гектар деп санады. Мақат ауданының Ескене және Таскескен ауылдарының мектеп оқушылары шатырда күніне бірнеше сағат уақыттарын өткізеді. Өйткені бұл жерде ұялы байланыс нашар жұмыс істейді, ал олар қашықтан оқып жатыр. 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталды. Оларды ұстау үшін астанадан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің арнайы тобы келді. Жылыой ауданында фермер жоғалып кетті. Оның денесі бір аптадан кейін даладағы қараусыз қалған құдықтан табылды. Оны өлтірді деген күдікті қамауға алынды.

«Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау облысының әкімдігіне қатысты талап-арыз берді. 2018 жылғы желтоқсанда Жайықтағы балықтың қырылуына кінәлі - жергілікті биліктің құзырындағы «Атырау Су Арнасы» КМК сот белгілеген 1,5 миллиард теңге көлеміндегі шығынды әлі өтеген жоқ. Макс Боқаев Атыраудағы түзеу колониясына ауыстырылды, оның жаза мерзімі 2021 жылдың 21 ақпанында аяқталады.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сотта бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың кінәсі дәлелденіп, оған айыптау үкімі шығарылса, өзінің қызметінен кететінін мәлімдеді.

Қазан. Қала күнінде жастардың демалыс саябағы мен Жайықтың оң жағалауы ашылды. Әлиев көпірінен АМУ ғимаратына дейін қайта жаңартылған жағалаудың жалпы ұзындығы 2 шақырым болады. Атырау-Ақтөбе трассасында құрбандар көп болған жол апаты орын алды: Renault Duster мен Geely соқтығысып, нәтижесінде жүргізуші мен бүкіл жолаушы - барлығы 9 адам қаза тапты. Атырауда жоғалып кеткен Тәжікстан азаматы Бобораджаб Джавлиев 19 жылдан кейін өзінің туған жері Душанбеге оралды. Бұған негізінен «AЖ» жарияланымы себеп болды. NCOC компаниясы «Қашаған кен орны нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Теңіз кемелері қатынайтын арналар» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Соған сәйкес теңіз түбінен жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын екі канал қазылады.

Аудан әкімдері жалақылары 755 мың теңге екенін жариялады, Атырау қаласының әкімі Қ. Оразбаевтың жалақысы - 380 мың теңге. ХҚКО Нұрсаядағы 1,3 миллиард теңге тұратын жаңа ғимаратқа көшті. №1 қалалық емханаға пандемия кезіндегі жұмысы үшін өтемақы алмаған 30-дан астам медицина қызметкері жиналды. Облыстық әкімдік қыркүйек айында мұқтаж оқушыларды қашықтан оқытуға арналған компьютер техникасымен қамтамасыз етуге уәде берді. Бірақ көпшілігі бұл компьютерді әлі алған жоқ, ал таратылған қытайлық планшеттердің бір бөлігі сапасыз болып шықты.

Қараша. Ұшу кезінде «Атырау-Нұр-Сұлтан» рейсінде SCAT әуе компаниясы ұшағының қозғалтқышының біріне құс түсіп кетіп, қозғалтқыш өртенді. Борт әуежайға оралды, ешкім зардап шеккен жоқ. 2005 жылғы «Білім-Инновация» лицейінің (қазақ-түрік лицейі) түлектері өз қаражаты есебінен Африканың Малави мемлекетінің деревняларының бірінде ауыз суды бұрғылап, құдық орнатып берді.

Желтоқсан. Айыптаушы тарап соттан облыстық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты кінәлі деп танып, қылмыстар жиынтығы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Акушер-гинеколог Асқар Қайыржан мен акушер Жәмила Құлбатырова үшін прокурор 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Коронавирусқа шалдығу деңгейі бойынша Атырау облысы «сары», кейін «қызыл» аймаққа кірді. Иесі тоңазытқыш есігімен тұншықтырған Еркінқаладағы ит АҚШ-тағы жаңа иелеріне ұшып кетті. Кевин Лайон «Теңізшевройл» ЖШС-нің жаңа бас директоры болды, ал 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ТШО-ны басқарған Имер Боннер Chevron бас кеңсесіне ауыстырылды. Жер қойнауын пайдалану құқығын сату бойынша алғашқы аукцион нәтижелері: болашақ жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 61 миллиард теңгеден асатын 7 жер учаскесі берілді. Барлық учаске Атырау облысының аумағында орналасқан.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

30 желтоқсан 2020, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.