Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус пандемияның циклдік сипатын еске салды. Ол бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйелеріне инвестицияларды ұлғайтуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com cайтына сілтеме жасап.
Тедрос Аданом Гебрейесус қазіргі коронавирус пандемиясы соңғы пандемия болмайды деп санайды. «Болған оқиғалар бізге бұл соңғы пандемия емес екенін және індеттер өмірдің бір бөлігі екенін үйретеді», - деді Гебрейесус сенбі, 26 желтоқсанда.
ДДҰ басшысының айтуынша, Үкімет пен қоғамның қолдауымен жүзеге асырылатын денсаулық сақтау жүйелеріне инвестициялардың ұлғаюы «біздің және олардың балалары неғұрлым сенімді әрі тұрақты әлемді мұра етуіне» жағдай жасайды. Өткен 12 айда коронавирус «әлемді төңкеріп жіберді» және қоғам мен экономика үшін «үлкен салдар» әкелді, - деп атап өтті Тедрос Аданом Гебрейесус.
Гебрейесус пандемияның мүмкіндігі оған дейін бірнеше жыл бұрын ескертілгенін еске салды. «Біз болған оқиғадан сабақ алуымыз керек», - деді ДДСҰ бас директоры.
Ол елдердің төтенше жағдайларға жақсы дайындалуы керек екенін және бұл денсаулық сақтау саласына ғана емес, жалпы қоғам мен ел үкіметтеріне де қатысты екенін атап өтті.
Пандемия басталғалы әлемде 80 миллионнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. Әлем бойынша COVID-19 салдарынан 1,76 миллион науқас көз жұмған. 56,87 миллион адам сауығып шыққан.
21 желтоқсанда Еурокомиссия BioNTec неміс компаниясы мен америкалық Pfizer жасаған BNT162b2 коронавирусқа қарсы вакцинасын қолдануға рұқсат берді. Вакцина 26 желтоқсаннан бастап Германияда да қолданыла бастады. Алғашқы болып коронавирусқа қарсы вакцинаны қарттар үйінің 101 жастағы тұрғыны Эдит Квойцалла (Edith Kwoizalla) алды.