Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдегі саяси күштерді кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді ақылдасуға шақырды. Пашинян сондай-ақ халық қалауы солай болса, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Сөйте тұра ол азаматтар сенім білдірсе, елді одан әрі де басқара беретінін айтты. Пашинянның сөзінше, оның қарсыластарында халық қолдауына ие болып, оны отставкаға кетіруге мүмкіндіктің бәрі болған, бірақ бұл олардың қолынан келмеген. Оппозиция жақтастарының саны минимумға жетті, деп жазды Пашинян.
Армения оппозициясы Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысты реттеу келісімінің шарттарына көнбейтінін, сол себепті Пашинянның отставкаға кетуін талап ететінін айтады. Келісім аясында осыған дейін Армения әскерінің бақылауында болып келген кей аудандар Әзербайжан бақылауына өтуі тиіс.
Пашинян болса, Бакумен жасалған келісімнің Ереван үшін жайсыз екенін мойындайтынын айтты. Бірақ оның сөзінше, басқа жол болмаған. Бітімгерлік келісімін армян әскерилері де талап еткен. Келісім адам өмірін аман алып қалудың және Арменияға Таулы Қарабақтың ең құрмағанда бір бөлігін алып қалудың жалғыз амалы болды дейді Пашинян.
Таулы Қарабақтағы қақтығыс қыркүйекте қайта ушықты. Баку мен Ереван жағдайды ушықтырды деп бір-бірін айыптады. Тараптар бірнеше рет келісімге келуге тырысты, бірақ әр жолы келісім бұзылып отырды. 10 қараша күні Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араағайындығымен келісімге келді. Ол келісімнің сақталуын Ресейдің бітімгер әскері қадағалайтын болды.