АҚШ-тың Сауда министрлігі «қарулы күштермен байланысы бар» 100-ден астам шетелдік компанияға санкция енгізді. Олардың 45-і ресейлік, қалған 58-і Қытай кәсіпорындары. Бұл туралы "The Qazaq Times" басылымы хабарлайды.
Сайтта жазылғандай, тізімге енген ұйымдар – Американың халықаралық саясаттағы мүддесіне, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Санкциялық тізімде Қорғаныс министрлігі, Сыртқы барлау қызметі, Прогресс зымыран-ғарыш орталығы, Рособоронэкспорт, сондай-ақ Ростех корпорациясы, МиГ компаниялары, азаматтық ұшақтар, Біріккен авиация корпорациясы бар. Сондай-ақ, алғаш рет тізімге Росатом енгізілді.
Биыл шілдеде АҚШ Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр және өзге де мұсылмандарды қудалауға атсалысқан тағы 11 қытайлық компанияға санкция салған. Американың сауда департаменті 20 шілдеде бұл компаниялардың Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз, тәжік, дүнгендерді мәжбүрлеп жұмыс істетуге араласқанын айтты. Санкция салынған компаниялар мата, технология өндірумен айналысқан. Олардың арасында генетикалық талдаумен шұғылданған екі фирма да бар.