Атырау, 25 қараша 23:55
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Спецприемникте» отырғандар - мас жүргізуші, бұзақы шетелдіктер

Сурет
4 922 просмотра

Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 күнге, әйелін ұрғаны үшін 3 күнге, көшеге қоқыс тастағаны үшін 1 күнге қамалғандар туралы жиі естиміз. «АЖ» тілшісі әкімшілік құқықбұзушылық үшін «тәуліктерін» өткізетін құқықбұзушыларды ұстайтын орынды көріп қайтты.

Халық арасында «спецприемник» деп аталып кеткен бұл жердің толық ресми атауы – Атырау қалалық Полиция басқармасының әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орны. Православ шіркеуі маңында 2 қабатты ғимаратта орналасқан.

Жыл басынан бері біздің орталыққа 1443 адам түсті, оның 19-ы әйел. 571 адам мас күйінде көлік жүргізгендері үшін әкімшілік қамаққа алынған, отбасылық жанжал шығарып, күш қолданғаны үшін 261 еркек пен 1 әйел қамауға алынды, - деп статистикамен бөлісті орталықтың бастығы Нұрлыбек ҚАРШЕГЕНОВ.

Орталық 70 адамға арналған 8 палатадан тұрады. Иә, бұл жерде камераларды «палата» деп атайды. Сондай-ақ, олар ерлер және әйелдерге бөлек арналған. Тергеу изоляторымен салыстырғанда іші кең әрі таза. Бірақ терезелері темір тормен бекітілген.

Мемлекет үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз еткенімен, қамаудағыларға туған-туыстары тамақ әкеле алады. Бұл жерде де тергеу изоляторындағыдай тамақтар тексереліп, тіпті заңсыз сәлемделер де табылады. Мәселен, ұялы телефондар шыққан фактілер болған. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты әкімшілік қамаққа алынғандар тек ПТР тесті жасалғаннан кейін осы жерге қамалады. Ал әкімшілік сот отырысы онлайн өтеді. 

Бірнеше мысал келтіре кетейік. Осы жылы 18 жасқа енді ғана толған қыз 15 күнге қамауға алынған. Туған күнін атап өтіп, мас күйінде көлік басқарып, полиция қызметкерлеріне ұсталған. Кәмелет жасына толу айтарлықтай мереке болса да, оның шырқын сонша бұзудың қажеті қанша? 

Сондай-ақ, орталыққа түскен ең қарт адамның жасы 62-де. Ол да мас күйінде көлік жүргізген. Сондай-ақ алыс шет елден: Ирландия және Америка Құрама Штаттарының 2 азаматы мас күйінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жеткізілген. Олар да біз сияқты адам баласы ғой.

Науқастарға да жағдай жасалған. Бөлек медициналық бөлме бар. Егер қамаудағы азамат қатты ауырса, жедел-жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткіземіз. Бұл ретте ауруханада жатқан уақыты шегерілмейді, - деп түсіндірді Қаршегенов.

Айта кету керек, мейрам күндері мекеменің «қонақтары» көп болады. Бұл енді түсінікті жағдай.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

24 желтоқсан 2020, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.