Атырау, 14 қазан 05:29
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Демалыс күндеріндегі құқық бұзушылықтар

3 795 просмотра

Полиция ақпаратына сүйенсек, кейбір атыраулықтар осынау ұзақ демалыс күндерін кеңінен атап өтті. Қала тұрғындарының көпшілігі мас күйде көлік жүргізген, ал көпқабатты үйлердің біріне жарылу қаупі төнген.

ЖҮКТІ ӘРІ МАС КҮЙДЕ ЖҮРГІЗГЕН

«АЖ»-ға Атырау ҚПБ бастығының бірінші орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ хабарлағандай, мереке күндері 9 мас жүргізуші, оның ішінде жүкті жүргізуші әйел де ұсталды. Мәселен, Амандосов көшесінде «ВАЗ-2115» жүргізушісі автопатрульдің талабын елемей, қашып кетуге тырысқан. Көлікті қала маңындағы Томарлы ауылында ғана тоқтату мүмкін болды. 32 жастағы жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Ал Еркінқалада «VolkswagenPolo» көлігін мас күйде басқарған 47 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

Қала маңындағы Береке ауылында полиция қызметкерлері 39 жастағы «LadaKalina»-ның мас жүргізушісін ұстады. Ол куәліксіз жүрген, бұған дейін осындай құқық бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Ал бұл -  қылмыстық іс.

Бұдан басқа, Жұмыскерде мас күйде Toyota Camry көлігін жүргізген 31 жастағы жүкті әйел ұсталды. Материалдар әкімшілік сотқа жолданды.

 

ЖАҒДАЙ ҚАЙҒЫЛЫ АЯҚТАЛАР ЕДІ

17 желтоқсанда Азаттық даңғылындағы №68 үйде жазатайым оқиға болды. Үшінші қабаттың терезесінен 70 жастағы зейнеткер құлап кетті. Ауыр жарақат алған зейнеткердің өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай көршілері зейнеткердің пәтерінде жарық жанып тұрғанын байқайды. Жалғызбасты зейнеткердің жүйке-неврологиялық аурумен ауыратынын білетін көршілері «газ қосулы қалған жоқ па» деп, алаңдай бастапты.

Қалада зейнеткердің жақын туыстары болмағандықтан, полиция есікті бұзуға мәжбүр болды. Көршілері бекер алаңдамаған екен: пәтерде газ жағулы қалған. Газ өшіріліп, пәтер іші желдетіліп, есігі құлыптап жабылды. Тұрғындар учаскелік полиция қызметкеріне алғыс білдірді.

 

ЕРЕЖЕ БҰЗАТЫН ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ КӨП

Е.Биғамбаевтың айтуынша, облыс орталығында қалаған жерінде жолды кесіп өткенді жөн көретін жаяу жүргіншілер саны азаймай тұр. 16 желтоқсанда кішкентай балаларымен белгіленбеген жерден көлік қозғалысы көп жолды кесіп өткен екі қала тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды. Жыл басынан бері Атырауда 6500-ден астам жаяу жүргіншіге жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жаза берілді.

 

БІР БАСЫНА ЖЕТЕРЛІК 

Мереке күндері Жарбосынов - Тайманов көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері терезесі күңгірттелген және жалған мемлекеттік нөмірі бар Land Rover автокөлігін тоқтатпақ болды. 33 жастағы жүргізуші қашып кетпек болды, бірақ ол әрекетінен түк шықпады. Тексеру барысында жалпы сомасы 1 миллион 436 мың теңге төленбеген 51 айыппұлы бар екені белгілі болды. Бұдан басқа, құқық бұзушыға қатысты: тоқтау туралы талапты орындамағаны үшін, жалған мемлекеттік нөмірмен, жүргізуші куәлігінсіз және алдыңғы әйнегін күңгірттеп, көлік жүргізгені үшін тағы төрт әкімшілік хаттама жасалды. Жинақталған материалдар сотқа жолданды.

Фархат ӘБІЛОВ

20 желтоқсан 2020, 15:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.