Атырау, 14 қазан 05:27
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Желтоқсандағы оқиғалар туралы не білесіз

5 442 просмотра

Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 29 жыл толды. «AЖ» қала көшелеріне шығып, сауалнама жүргізді. «16-17 желтоқсан қандай күн, сіз ең алдымен қай күнді еске алдыңыз?» деген сұрақ қойылды. Өйткені тәуелсіздікті жариялау, Алматыдағы және Жаңа Өзендегі оқиғалар бір күнде, әр жылдары болған еді.

Сауалнамаға жауап берген жиырма шақты адамның екеуі ғана Тәуелсіздік күні мен Жаңа Өзенді байланыстырды.

- Ұзақ айтуға болады ғой, бірақ асығыспын, бір нәрсе ғана айтайын: мен үшін бұл қаралы күн. Жаңаөзен оқиғалары бәріміздің есімізде, бұл ешқашан ұмытылмайды, - деп жауап берді жас жігіт.

- Бұл күндері мереке етіп, атап өту керек емес деп ойлаймын. Өйткені бірден Жаңа Өзен еске түседі. Өзіміздің қазағымызға оқ ату үлкен қылмыс қой. Сондықтан бұл күні үйде желтоқсан айында Алматы мен Жаңа Өзенде қаза болғандардың рухына Құран бағыштап, дұға оқуға тырысамын. Тәуелсіздік күнін 25 қазанға ауыстыру керек деп ойлаймын. Бұл күні 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Мереке мен қаралы күнді бөлуге осы жеткілікті, - дейді тағы бір сұхбаттасушымыз.

- Ғасырлар бойы халқымыздың егемендігі мен бостандығы үшін күрескен ата-бабамыздың ұлы күні деп ойлаймын, - деп жауап берді жас сұхбаттасушыларымыздың бірі.

Жастар арасында не туралы сұрағанымызға түсінбегендер де кездесті.

Жасы келгендер арасында бұл күнді білсе де, өте байсалды қарайтындар да кездесті.

- Кәдімгідей күн. Біз зейнеткерміз, жұмыс жасайтын жастардан сұраңыз, - дейді егде әйел.

- Мереке не береді. Мен тыл еңбеккерімін, медальмен марапатталдым, бірақ әлі күнге дейін ешқандай жеңілдік ала алмай келемін. Заң бар, бірақ жеңілдік жоқ, - деді таяққа сүйенген ақсақал.

Тәуелсіздік күнін күнтізбенің басты «қызыл датасы» деп санағандар көп болды. Жауап бергендердің бірі былай деді:

- Иә, бұл ең маңызды мереке, бірақ мен кеңес заманының адамымын, мен үшін Кеңес Одағы да қымбат.

...Базардағы шырша сатушы:

- Бұл күндері базар жұмыс істемейді, біз үшін бұл минус - сауда жоқ. Бірақ мерекенің аты мереке, ештеңе жасай алмайсың, - деді.

Соңында жасөспірім қызын ерткен әйел былай деп түйіндеді:

- Менің ойымша, жастардың көбі 16 желтоқсанның не екенін, неге біздің еліміздің тәуелсіздігі дәл осы күні тойланатынын білмейтін сияқты. Мектепте, колледждерде де бұл туралы айтылмайды. Тағы бір нәрсе: желтоқсанның екінші жартысында адамдар жаңа жылға дайындалады, осыған орай Тәуелсіздік күні тасада қалып қояды. Бұл күнді қазанға ауыстырса болар еді, оған негіз бар ғой.

Айнұр САПАРОВА

Бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 желтоқсан 2020, 17:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.