Қостанайда грэпплингтен Қазақстан чемпионаты өтті. Бапкер Асқар Исағалиев бастаған Атырау облысының спортшылары күміс және 2 қола алқа жеңіп алды.
Фархад Қожантаев 58 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. «Gi» санатында (кимонода) Неймат Асадов (71 келіге дейін) пен Әділбек Искалиев (100 келіден жоғары) қола алқа жеңіп алды.
* * * * *
«Атырау» ДСК-де GTF таэквондо бойынша Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау құрамасы 6 алтын, 5 күміс және 4 қола алқа жеңіп алып, Ақтөбеден кейін екінші командалық орынды иеленді.
Бізден Бақытбек Аспанбек, Айбек Демегенов, Дильназ Дүйсенбаева, Матвей Толстой, Бекбол Нұрәлі және Данияр Сүлейменов чемпион атанды.
* * * * *
Шымкентте пауэрлифтинг және жатып сығымдап көтеру бойынша Қазақстан чемпионаты өтіп, оған 400-ден астам спортшы қатысты.
Ерлер арасында 83 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Досқали Досқалиев 172,5 кг салмақтағы штанганы көтеріп, алтыннан алқа тақты. Үшсайыс қорытындысы бойынша ол бесінші орынға ие болды.
Осы салмақта ардагерлер санатында Әділбек Айтқожинге тең келер ешкім болмады, ол жалпы есепте чемпион атанды. Құрманғазы ауданының спортшысы Ерсейіт Бралин жарысты жалпы есепте бесінші орынмен аяқтады.
* * * * *
Ақтауда ММА бойынша NFC-26 турнирі өтті. Кештің басты жекпе-жегінде панкратионнан әлем чемпионы құлсарылық Талғат Жұмағалиев (суретте) пен нұр-сұлтандық спортшы Сағынбай Шүкір жұдырықтасты.
Жекпе-жек 3 раундқа созылып, төрешілердің бірауыз шешімімен Талғат жеңімпаз деп танылды.
* * * * *
Шымкентте Nomad MMA бойынша Қазақстан чемпионаты өтіп, оған 400-ден астам спортшы қатысты.
Атырау облысының құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 2 қола алқа жеңіп алды. Ерлер арасында Самат Жағпаров пен Дүйсенғали Құлшарап чемпион атанды. Юниорлар арасында Дамир Мағаз алтын алқа тақты.
* * * * *
Шымкентте индонезиялық Пенчак силат жекпе-жек өнері бойынша Қазақстан чемпионаты өтті. Бапкер Айбек Нұрлыбеков бастаған Атырау облысының құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 3 қола алқа жеңіп алды.
Ересектер арасында Алмат Әубекеров, Бақтияр Өтешов және Айбол Жолдасов чемпион атанды, юниорлар арасында Артур Жолдас, Нұрдәулет Тасмағамбетов және Ернұр Төлеуғали алтын алқамен марапатталды. Олар Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды.