Атырау, 14 қазан 05:26
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Атырауда «супер аурухананың» құрылысы тоқтатылды

4 507 просмотра
Талғайраңдағы көпбейінді облыстық аурухана жобасының эскизі

Денсаулық сақтау министрлігі әзірге қала маңындағы Талғайраң ауылынан көпбейінді аурухана салу идеясынан бас тартуға шешім қабылдады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың тамызында сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА «АЖ» басылымына берген сұхбатында бірнеше емдеу мекемесін біріктіріп, Жайықтың сол жағалауындағы Талғайраң ауылының маңында көпбейінді аурухананың жаңа ғимаратын салу жоспарда бар екенін айтқан болатын. Жобада 18 бөлімше орналасатын бірнеше бес және сегіз қабатты корпустар салу қарастырылған, оны салуға 9 га жер телімі бөлінген. Ауруханаға бірнеше стационар, оның ішінде, қазір 3 ғимаратта орналасқан облыстық аурухана да кіруі керек еді. Клиникалық-диагностикалық емханаға ескірген жабдықтың орнына қажетті жабдықтар орнатылады деп жоспарланды. Жоба жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін кеңейтіп, тұрғындарға медициналық көмекті бір жерден көрсетуге бағытталған.

Көпбейінді ауруханалар ашу ҚР-ның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында қарастырылған. Алайда, пандемияға байланысты көп жобалар, соның ішінде, Атыраудағы қымбат тұратын «супер аурухананың» құрылысы тоқтатылды. Бұл жаңалыққа облыс орталығының тұрғындары реніш білдіреді дей алмаймын. Әуел бастан-ақ, Талғайраңға жету науқастардың, олардың туыстары мен дәрігерлердің өздерінің көңілінен шықпаған еді.

- Қаражатты үнемдеу үшін жобадан бас тарту туралы шешім қабылданды. Жобалық-сметалық құжаттама дайын емес, біздің басқармаға бұрын бөлінген учаске енді басқа ведомствоға беріліп жатыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі біздің сауалымызға.

Тоқтатылған жобаға толығырақ тоқталсақ. Бірінші көпбейінді аурухананы облыстық аурухананың базасында облыстық кардиология орталығы, облыстық онкология диспансері, облыстық перинаталды орталық және тері-венерологиялық диспансерді біріктіру арқылы; екіншісін - Нұрсаядағы №2 облыстық аурухананың базасында ұйымдастыру жоспарланған болатын. Онда травматология, терапия, эндокринология, жалпы хирургия қызметтері орналастырылып, гепатологиялық орталық жұмыс істеп тұрды. Бұл ауруханаға қалалық перзентхана да қосылуы керек еді. Үшінші стационарды облыстық балалар ауруханасы базасында ашу жоспарланды.

Сол кездегі облыстық перинаталды орталықтың бастығы, қазір атышулы сот ісінде айыпталушы болып отырған Қуаныш НЫСАНБАЕВ пен облыстық кардиология орталығының директоры Марат ҚОНЫСОВ газетімізде ауруханалардың бірігуіне қарсы екендіктерін айтқан еді. Қазіргі жағдайда бұл жобаны кейінге қалдырды.

- Көпбейінді стационарлар ашудың болашағы зор, мұндай медициналық мекемелер басқа елдерде табысты жұмыс істеуде. Бірақ оларды қуатты материалдық-техникалық базасы бар типтік ғимараттарда ашу керек. Сондықтан, Атыраудың әр түкпірінде орналасқан ескі ауруханаларды біріктіру идеясы өміршең болмады. Мүмкін, болашақта, тыныш уақытта бұл жобаға дұрыстап ойластырып, оралуы мүмкін, - дейді М.Қонысов.

Зульфия ИСКАЛИЕВА  

14 желтоқсан 2020, 21:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.