Атырау, 14 қазан 07:43
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Кішкентай ханшайымның үлкен қадамы

Сурет Бейнежазба
3 929 просмотра

Атырау қаласының тұрғыны Зарина НҰРҒАЛИЕВА небәрі 10 жаста. Бірақ әлем чемпионы әрі рапид (жылдам шахмат) бойынша Азияның екі дүркін чемпионы. «AЖ» тілшісі Заринада қонақта болып, жас чемпионмен, ата-анасымен тілдесіп, оның үлкен спортқа басталған жолы туралы сұхбаттасып қайтты.

ТАҒЫ ДА ЖЕТІСТІКТЕР ТУРАЛЫ

Зарина 2018 және 2019 жылдары Шри-Ланкада өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, 2019 жылы Минскіде өткен әлем чемпионатының чемпионы. Белгілі себеппен сайыс өтпегендіктен, ол қазіргі чемпион. Бірақ мүмкіндік болғаннан кейін Зарина әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайды. Өйткені ел чемпионатының қорытындысы бойынша жолдама ұтып алды.

ШАХМАТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ

Заринаның әкесінің айтуынша, ол секцияға барып жүрген әпкелеріне қызығып, әкесінен интеллектуалды осы ойынға өзін де үйретуін өтінген.

2016 жылы әкесі мен қызы шахмат секциясына келіп, оларды осы спорттың танымал шебері Жәнібек АМАНОВ қарсы алыпты.

Жәнібек – халықаралық дәрежедегі шебер, яғни, ең ірі турнирлерде жеңіске жеткен немесе жүлделі орындар алған. 2013 жылы «АЖ»-ға берген сұхбатында ол әлем чемпионын тәрбиелеп жатқанын айтқан еді. Сөйтіп ол уәдесінде тұрды.

- Заринаның болашағы зор екені әу бастан белгілі болды. Оның қабілетін, мінезін бірден байқадым. Оның, былайша айтқанда, спортқа деген қайсарлығы бар, бірақ салқынқандылығын жоғалтпайды, сараптап ойлайды, логикалық қабілеті бар. Бірақ, ең бастысы - шахматты жақсы көреді, - дейді Жәнібек. - Біраз уақыттан кейін алғашқы жеңіс тұғырынан көріне бастады, алдымен облыста, содан кейін республикалық жарыстарда, одан соң халықаралық деңгейде топ жарды.

Зарина шахмат үйрене бастағанда, үй ішіндегілерге өзімен ойнауын қолқалауды шығарған.

- Бізден қалыспайтын, бір-екі партия ойнауды өтінетін, кейде ойнайтынбыз, кейде уақытымыз болмайтын. Ал қазір біз өтінсек те, бізбен ойнамайды. Оған бізбен ойнау қызық емес, деңгейіміз басқа, - деп күледі әкесі Айболат.

Қазір Заринаның 1800-ден астам ұпайы бар, ФИДЕ спорт шеберіне кандидат, енді ФИДЕ шебері болу жоспарында бар. Ол үшін «рапидтен» әлем чемпионатында жеңіп шығуы керек. Қазір дайындық үстінде. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты ойындар онлайн форматында өтеді. Ол 12 жасқа дейінгі қыздар арасында қатысады. Чемпионат желтоқсанға жоспарланған, біз де Заринаға жеңіс тілейміз.

ОЛ ӘЛІ ЕРЛЕРМЕН ТЕҢ ТҮСЕДІ

Зарина Қ.Сатпаев атындағы №19 орта мектептің 5-сынып оқушысы, оқу озаты.

- Біз одан кіл бестік ал демейміз, оның өзі оқиды, өзі дайындалады. Біз тек моралдық тұрғыда қолдау көрсетеміз, - дейді әкесі.

Қазақстанның басқа қалаларында немесе шетелде өтетін жарыстарға Заринаны кейде әке-шешесі, кейде бапкері Жәнібек Аманов апарады. Кішкентай кезінен өз бетінше әрекет ететін, өз тағдырына жауапкершілікпен қарайтын қыз болатын.

- Бастапқыда алғашқы турнирлерде қатты толқыды, теорияда үйретілген жүрістерді ұмытып қалатын, әлі кішкентай ғой. Содан кейін оған жиі еріп, моралдық тұрғыда қолдау керектігін түсіндік. Бірақ әр сапар сайын Заринамыз сенімдірек, байсалды бола бастады, - дейді әкесі.

Заринаның өзі бастапқыда шахмат фигураларына қызыққанын айтады. Алуан түрлі, әрқайсысының жүрістері де әр басқа.

- Әпкелерімді бақыладым, қай фигура қалай жүретінін үйрендім, қатты қызықтым. Бәрі осылай басталды, - деп күледі ол.

Оның өте сабырлы, көп сөйлеуді ұнатпайтыны бірден байқалады, сұраққа ұяңдықпен, қысқа ғана жауап берді.

Зарина Юдит Полгарды шахматтағы өзінің кумирі деп санайды - мүмкін, әйгілі венгр шахматшысы жақында онлайн шеберлік дәрісін өткізіп, оған Зарина да қатысқасын шығар. Бәлкім, Полгар бір кездері «гегемон»-еркектерге батыл қарсы шығып, тіпті, жылдам шахматта Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровты жеңгендіктен де болар.

- Шахматты не үшін жақсы көресің?

Бұл сауалға Зарина жай ғана:

- Өйткені... жақсы көремін, - деп жауап берді.

Кішкентай шахмат ханшайымы, жаңа табыстарға жете бер!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 желтоқсан 2020, 15:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.