Атырау, 14 қазан 07:41
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Жылы» аялдамалар: интернет пен камералар жұмыс істемейді, бірақ жылынуға болады

Сурет
4 047 просмотра

Өткен жылы Атырауда жалпы сомасы 155 миллион теңгеге 9 «жылы» аялдама ресми түрде ашылды. Олардың қазіргі жағдайына «AЖ» шолу жасады.

Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала көшелерін кеңейту және қалпына келтіру жобасы аясында жолаушылар көлігіне арналған аялдамаларды жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Осылайша, мұнайлы астанадағы бүкіл аялдама дерлік жаңартылды және жабық павильондар орнатылды. Олар бұл мақсатпен қатар коммерциялық нысандар ретінде де қызмет етуі керек еді. Бірақ бизнес осы павильондардың екеуіне ғана қызығушылық танытты, сондықтан қалған жетеуін «жылы» аялдама қылу туралы шешім қабылданды. Бұлар - жабық аялдамалар, қыста жылытылып, жазда салқындатылады.

«Жылы» аялдамалар «Дина» базарының, теміржол вокзалының жанына, Привокзальныйда, Нұрсаяда және «Мерей» базарының жанына орнатылған. Оларға «Арнаулы автобаза» ЖШС қызмет көрсетеді, жұмыс режимі – сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін.


ПАЙДАСЫЗ ТАБЛО

«АЖ» тілшісі осы аялдамаларды қарап шықты. Привокзальныйда жылу бар, павильон ішіндегі температура +16 градус. Алайда, орынжай іші қоқысқа толған: қолданылған дымқыл майлықтар, баклажкалар, мандарин қабығы шашылып жатыр... Алайда, бұл біздің кейбір қала тұрғындарының менталитетіне қатысты проблема.

- Бұл жер лас, бірақ жылынуға болады. Қыста суықта бүрсеңдеп тұрғаннан жақсы ғой. Мен Жұлдыз ықшам ауданына баратын автобусты ұзақ күтемін, ал такси ұстауға зейнетақым жетпейді, - дейді 70 жастағы Зағипа.

«Дина» жанындағы аялдамада жағымсыз иіс шығады, айнала қоқысқа толы, есіктің әйнегі сынған. Есікті қашан ауыстыратыны белгісіз, бірақ бұл жер сыртқа қарағанда жылы.

Осы жылдың қаңтарында «ГАЗ-5414» вакуумының жүргізушісі «Мерей» базарының жанындағы «жылы» аялдамаға соғылды. Бұл жол-көлік оқиғасының зиян мөлшерін мердігер 18 миллион теңге деп белгіледі. «Бұл қомақты сома емес пе?» деп, жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырған еді. Қалай дегенмен де, әйнек ауыстырылған, аялдама жаңарып тұр.

Нұрсаяда әкімшілік полиция ғимаратының жанындағы павильон бос тұр, бұл жерден халық аз мінетін №4 және 30 «а» маршруттары жүреді. Мүмкін оны халық көп жүретін «Светлана» маңына орнатқан жөн болар ма еді?

Техникалық сипаттізімге сәйкес, бұл аялдамаларда тегін Wi-Fi, смартфондарды қуаттауға арналған USB порттары қарастырылған, сондай-ақ, полицияның жедел басқару орталығына қосылатын бейнебақылау камералары бар. Өкінішке орай, wi-fi еш жерде қосылмаған, бақылау камералары да жұмыс істемейді.

Айта кету керек, осы «рейд» барысында кезінде қала 39 миллион теңгеге сатып алған электронды табло есіме түсті. Неліктен екені белгісіз, олар пайдасыз металл кесегіне айналып, таблоларды алып тастапты.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

11 желтоқсан 2020, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.