Белгілі бір жағдайларға байланысты тұрақты мекенжайы жоқ адамдар үшін қысқы мезгіл ауыр сынаққа айналады. Олар жылыну үшін қараусыз қалған ғимараттар, жертөлелер, жылу тұрба жолдарынан оқшауланған жер іздеп, мекендеуге мәжбүр. Көбінесе үй-күйсіз жандар мұндай жерлерде жүріп, жарақат (күйік) алып немесе басқа да жайттарға ұрынады. Сондықтан, атыраулық учаскелік полиция инспекторлары күн сайын рейд жүргізеді.
Мысалы, 3 желтоқсанда аумақты аралау кезінде учаскелік инспекторлар СМП-136 ықшам ауданындағы үйлердің бірінің жертөлесінде тұрып жатқан 50 жастағы ер адамды - Құрманғазы ауданының тұрғынын анықтады. Ер адам ішімдікке құмарлығы осындай жағдайға жеткізгенін айтты. Оны «Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа» орналастырды.
- Алайда, тәжірибе көрсеткендей, арнайы оңалту курсынан өткеннен кейін мұндай адамдар жалпы қабылданған нормалар бойынша өмір сүргісі келмейді, бұрынғы өмір салтына қайта оралады, - дейді №10 учаскелік пункттің инспекторы, капитан Қобылан МАМИТАН.
Атырауда жыл басынан бері қайта әлеуметтендіру орталығына 160-қа жуық адам орналастырылды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА