Атырау, 19 сәуір 22:06
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Атырау әскери комиссары: «Әскер қатарына заңсыз жіберілгендер жоқ»

3 789 просмотра

Биыл Атырау облысынан мыңнан астам әскер қатарына шақырылғандар әскери қызметке жіберілді. Ал күзгі әскерге шақыру науқаны әлі аяқталған жоқ.

Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Жақсылық АЙТБАЕВТЫҢ айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылғы әскерге шақыру науқанына түзетулер енгізілді. Көктемгі шақыру кезінде жастар жергілікті әскери комиссариаттардың шақыртуына бармауға тырысты. Бұл әскери жасақтар құру шараларын жүзеге асыруды едәуір қиындатты. Ата-аналар облыстың бас санитар дәрігеріне жүгініп, ұлдарын әскери борышын өтеуге жіберуі қауіпті емес пе деп сұрақ қойған еді. Ол кезде Темірбек Мұсағалиев санитар дәрігер болатын. Ол әскерге шақырылушылардың бәрі міндетті түрде COVID-19-ға тексеріледі, сондықтан әскери бөлімдерде ауру жұқтырғандардың болуы мүмкін емес деп сендірді.

Қазіргі кезең қорқынышты болса да, қызмет еткісі келетіндер табылып, Атырау облысынан шақырылғандар контингенті еліміздің Қарулы күштері Бас штабынан алынған құжатқа сәйкес бөлінді.

Біздің әскер қатарына шақырылғандар шекара қызметі, құрлықтағы әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен Ұлттық ұлан қатарында әскери қызмет атқаруда. Жігіттер Шығыс Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әскери борыштарын өтеп жатыр.

Ж.Айтбаев іріктеу қалай жүргізілетінін және жаңа сарбаздың қайда жіберілетінін айтты. Әскери комиссар әскерге шақырылушылардың жеке істерін іріктеп, танысу кезінде, сондай-ақ, жігіттердің өздерімен және ата-аналарымен жеке сөйлесу кезінде комиссия олардың қалауын ескеруге тырысады деп сендірді. Бірақ бұл «сатып алушылардың» қажеттіліктерімен сәйкес келе бермейді. Кеңес заманында және қазір де өз бөлімшелеріне сарбаздарды іріктеу үшін келетін офицерлерді осылай атайды. Мысалы, Әуе-десант әскері немесе теңіз жаяу әскері үшін бойы кемінде 170 см, денсаулығы мықты, дене бітімі шымыр болуы керек, байланыс бөлімшелері үшін техникалық білімі болғаны жөн. Бұдан басқа, сарбаздарға Қорғаныс министрлігінің әскери-ғылыми взводына түсуге мүмкіндік бар. Ақпараттық технологиялар, нақты ғылымдар және робототехника саласында білімнің болуы - басты таңдау критерийі.

Ж.Айтбаев соңғы кезде тестілеу кезінде ең алдымен әскерге шақырылушының психо-эмоционалдық қасиеттері, сонымен қатар, интеллектуалды қасиеттері бойынша қатаң іріктеу жүріп жатқанын ерекше атап өтті.


ӘСКЕРИ БИЛЕТТІ САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ

Әскерге шақырылғандардың бір бөлігі әскери борышын кейін өтейді. Оған денсаулық жағдайы, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында күндізгі оқуы, сонымен қатар, отбасылық жағдайлар себеп болып жатады.

- Атырау облысында өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсер ететін қолайсыз экологиялық ахуалға байланысты айтарым, жыл сайын көз, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар, дене салмағы жетіспейтіндер саны артып келе жатыр. Әскер қатарына шақырылушылар арасында тыныс алу және зәр шығару жүйесінде кінәраты барлар көп, - дейді Жақсылық Айтбаев.

Құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарында одан әрі қызмет ету үшін әскери билет алу мақсатында қызмет ететіндер аз емес. Алайда, жастардың негізгі бөлігі, әскери комиссардың пікірінше, Отан алдындағы борышын мақсатты түрде өз қалауымен өтейді.

Әскери билетті әскерде болмаған адамдар да ала алады. 24 пен 27 жас аралығындағы жас жігіттер үшін 30-40 күн ішінде «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК жергілікті филиалында оқуға мүмкіндік бар. Осы мектептің түлегі әскери билеттен басқа әскери-есептік мамандық алады. Оқу ақылы негізде жүзеге асырылады, құны - 263 мың теңге. Бұл сомаға 3 рет тамақтану, тұру ақысы және курсантқа арналған киім, монша және кір жуу қызметі кіреді. Оқу аяқталғаннан кейін курсанттар бітіру емтихандарын тапсырып, әскери ант береді. Толық оқу курсынан кейін әскери қызметшілерге сертификаттар беріледі. Әрі қарай олар халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш пен толық құжаттар пакетін тапсырып, әскери билеттерін алады. Иә, енді осылай да алуға болады екен.


ӘСКЕРДЕ ОҚЫТАДЫ

Әскерде жүріп-ақ мамандық алуға болады. Ол үшін арнайы оқу орталықтары - кіші мамандарды дайындайтын әскери бөлімдер бар. Процесс әскери ант қабылдағаннан кейін басталады. Олар тиісті біліктілікті алған соң басқа әскери бөлімдерге әрі қарай қызмет етуге жіберіледі. Оқу орталықтарында толық курсты аяқтағаннан кейін курсанттар жүргізуші, БТР механик-жүргізуші, жаяу әскер жауынгерлік машинасының операторы және басқа да, аспазшы секілді мамандықтар алады.

Мен облысымызда жастарды - күндізгі бөлім студенттерін, науқас аналардың жалғыз асыраушысын және т.б. заңсыз жіберген жағдайлар болды ма деп сұрадым.

- Атырау облысында, республиканың басқа өңірлерінде де мұндай жағдайлар болған жоқ деп айта аламын. Атырау облысының жергілікті әскери басқару органдарына әскери қызметке шақырылушыларды іріктеу заңға сәйкес қатаң жүргізіледі.

Сөз соңында әскери комиссар әскери жастағы жігіттерге әскери борышын өтеп, өз отанының қорғаушысы болуды тіледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 желтоқсан 2020, 20:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.