«АЖ»-ға жеке көмекшілерді ертіп жүруге мұқтаж көру қабілеттері бойынша мүгедектер тобы хабарласты. Көп жылдан бері алғаш рет оларға толыққанды әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жүр екен. Енді олар «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның тағы да 2013 жылға осы қызметтер үшін келісім-шарттар жасағанын қалайды.
- 2007 жылдан бастап бөгделердің көмегінсіз еркін қозғала алмайтын І топ мүгедектеріне жеке көмекші қызметі тиесілі. Олар біздің емханаға, дәріханаға жетуімізге, жұмыс істейтіндерге жұмыс орнына дейін жетуге және т.б. көмектеседі. Алайда соңғы жылдары бізде осы қызметке қол жеткізуге қатысты проблемалар әлденеше рет туындады. Көмекшілерге төленетін жалақы қалалық бюджеттен бөлінеді, бірақ олар біресе болмады, біресе мардымсыз мөлшерде, шамамен, кісі басына айына 3 мың теңгеден бөлінді. Мұндай ақшаға кім келеді? – дейді зағип жан Марат ҮМБЕТАЛИЕВ.
Бастапқыда көмекшілер 10 800 теңге алды. 2011 жылы жергілікті бюджетте қаржының тапшылығы салдарынан олар 3 мың теңгедей ала бастаған. Ол кезде басқа өңірлерде 17 мыңнан төлейтін. Әлденеше рет қозғалғаннан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Қалалық мәслихаттың сессиясында көмекшілерге бөлінетін сома мөлшері 30 млн теңгеге дейін көбейтілді. Ол кезде мұқтаж жандар тізімінде 85 адам болған. Қозғалуы қиын І топ мүгедектеріне қызмет көрсету тендерін «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ жеңіп алыпты.
- Біз ақшаны қыркүйек айында бере бастадық. Бірақ жеке оңалту бағдарламасы (ЖОБ) бойынша жыл басынан бастап көмекшілерге мұқтаж деп көрсетілгендер барлық 12 айдың ақшасын алды. Кейін рәсімдегендер ақшаны ЖОБ-да көрсетілген уақыттан бастап алды. Көмекшілер қызметінің қайтадан тұрақты түрде төлене бастағанын білгенде бұған құқығы болса да, аз ғана ақша үшін қырғын құжаттарды жинағысы келмегендер де ЖОБ рәсімдеді. Нәтижесінде Атырауда жыл аяғына қарай көмекшіге мұқтаж 124 мүгедек тіркелді, - деп әңгімелейді «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ жетекшісі Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА.
Келісім-шартқа сәйкес, орташа алғанда көмекшілердің жалақысы енді 25 мың теңгені құрайды. Астана мен Алматыда қаржыландыру жағы бізге қарағанда жақсырақ, ол жақта 39-40 мың теңге төлейді.
- Біздің көмекшілеріміз де жалақыларын уақытында ала бастады. Биылғы жылы да осы мәселемен «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ айналысса екен дейміз, - дейді зағип Қайыр ТӨЛЕШЕВ. ҮЕҰ бастаған жұмысын жалғастыруға қарсы емес. Алайда мүгедектердің қалауы үнемі бола бермейді ғой. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасының операторы болып табылады.
- Процедураға сәйкес жыл сайын сатып алу тендері ерекше тәртіппен өткізіледі. Оған осындай қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар кез келген ҮЕҰ қатыса алады. 2012 жылы тендерге қатысуға тек «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ ғана ниет білдірді. 2013 жылы тағы да тендер өткізіледі, егер онда қайтадан «Мүгедек әлемі» ұтса, осы мәселелермен солар айналысатын болады, - деп түсіндірді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Қатима ЕСҚАЛИЕВА. – Тендер қаржыландыру жоспары бекітілгеннен кейін өткізілетін болады. Бұл қаңтар айында болуы әбден мүмкін.
Зульфия ИСКАЛИЕВА