Атырау, 13 қазан 19:21
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Доссордағы бекеттің жыры

Сурет Бейнежазба
2 602 просмотра

Мақат ауданы Доссор кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Теңелсін ҚҰБАЙ «АЖ»-ға аудандық әкімшіліктің үстінен шағымданды. Кәсіпкердің айтуынша, билік оның көкөніс жылыжайын салғалы жатқан жер телімін иемденіп алмақшы.

Хикая әкімдік балансында тұрған Доссордағы полиция бекетінің бос ғимаратын жөндеуден кейін басталған. Естеріңізге салсақ, жергілікті жол полициясының ұсынысымен 2007-2008 жылдары «Атырау-Орал», «Доссор-Атырау» бағытындағы жол бойынан жалпы құны 22 млн теңгеге екі бекет салынған болатын. Бір ғажабы, су, газ, канализация, жарығы тартылмаған екі ғимаратты Мақат және Индер ауданы әкімшілігі тез қабылдап алды. Кейінірек ІІМ-нің еліміздің көлік жолдарындағы полиция бекеттерін жою туралы қаулысы шықты. Тез арада жаңа екі бекет тоналып, артынша жол бойындағы әжетхана орнына айналған еді.

Мақат ауданы әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, «Доссор-Атырау» трассасындағы бекеттің қираған ғимараты қайтадан 7 млн теңгеге жөндеуден өткізіліп, жергілікті ветеринариялық қызметке берілді.

Теңелсін ҚҰБАЙ

Бұл ғимаратқа ветеринарлар қоныстанғаннан кейін кәсіпкер Теңелсін Құбаймен дау туды.

Бекеттің жанында Құбайдың жылыжай кешенін салғалы жатқан жер телімі бар. Ол жерге өз қаржысымен су, газ және электр қуатын жүргізіп алған. Кәсіпкердің айтуынша, әкімдік оның желілеріне заңсыз тартылып, оған қысым көрсетіп отыр.

- Мен жеке кәсіпкермін. Мына жерде 8 гектар жерім бар. Біздің ауданда диқаншылық дамымаған - су көзі жоқ, жеріміз сортаң, - дейді Құбай. - Сол себептен болашақта бұл жерге жылыжай кешенін саламын деп, жер алып қойғанмын. 2020 жылы осы бизнес-жоспарымды іске асырамын деп жүргенде, елімізде пандемия басталып кетіп, келесі жылға қалдырылды. Осы жерге газ, жарық, суды үш жыл бұрын өз қаржыммен тартып алған едім.

Құбайдың айтуынша, бүкіл коммуникацияны ол Доссордан өз учаскесіне 4 шақырым жерден тартқан. Бұл жұмыстарға 15 млн теңгесін жұмсаған.

- Жуырда аудандық әкімшілік ветеринария ғимаратын жөндеуден өткізіп, су мен газды біздің құбыр желісінен менен рұқсат сұрамастан тартып алды. Мен кезінде Доссор кенті әкімшілігіне бұл менің жеке құбырым екенін ескерткенмін. Келесі жылы жылыжайымды іске қоссам, онда су мен газдың қуаты кемитіні сөзсіз. Сондықтан аудандық әкімшілік тарапынан жеке кәсіпкерге жасалып отырған қысымшылық деп білемін. 

Доссор кентінің әкімі Болат ЕРМЕКОВ кәсіпкердің пікірімен келіспейді:

- Бұл жерде кәсіпкерге ешқандай қысымшылық жасалған жоқ. Кезінде бекетке су және газ желісін тарту коммуналдық мекемелердің рұсатымен бекітілген. Оның «газ және су желісінен рұқсатсыз алып отыр» дегенімен мүлдем келіспеймін. Газ желісі Мақат газ шаруашылығының ұсынысымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2020 жылы 22 қыркүйекте, ал су құбыры «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің 2020 жылдың 16 қыркүйектегі техникалық шартына сай жүргізілді. Ол желілер мемлекет меншігінде тұр. Сондықтан оның айыптауы орынсыз.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 қаңтар 2021, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.