Атырау, 25 сәуір 21:38
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырау қаласының әкімі - зауыт, көпірлер және Нұрлан Ноғаев туралы

Сурет
4 287 просмотра

Атырау қаласы әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ журналистермен кездесті. Кездесу барысында орталық көпірдің тағдыры, экологиялық мәселелер, кезінде өзі басқарған Атырау мұнай өңдеу зауыты туралы сөз қозғап, бұрынғы облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫ да мақтады.

Әкім бірден қаланың экологиялық мәселесі, алдымен АМӨЗ туралы журналистердің сұрақтарына жауап беруге көшті.

Иә, зауыт жұмысын жақсы білемін, өйткені ол жерде оператордан бастап, бас директорға дейін жұмыс істедім. Қазір АМӨЗ жаңа қоңдырғылармен және технологиялармен жабдықталып, қоршаған ортаны қорғауға көп көңіл бөліп жатыр. Жергілікті мұнай компаниялары 6 мың гектар жерге ағаш отырғызатынын өздеріңіз де білесіздер. ТШО, НКОК, АМӨЗ, ЕМГ жобаға қатысатындықтарын растады. 

- Мостовой өзегі туралы не айтасыз? Өзек қайтадан тіріледі ме?

Иә, бұл бағытта да жұмыстар атқарып жатырмыз. Атап айтсақ, өзек қоқыстан тазартылып, жаман иістен арылдық. Өзектен 500 мың текше метрдей лас су алынды. Енді жазда ол масалардың ұясына айналмайды. Қыс болғандықтан жұмыстар уақытша тоқтатылды, көктемде қайтадан жұмыс жасаймыз. Бастысы - осы жазда сасық иіс пен маса болмайды.

- Зауытқа қайтадан оралайық. Сіз 2012-2016 жылдары бас директор болдыңыз. Зауытты басқарған оңай ма, әлде қаланы ма?

- (Күлді) Екі жұмыстың да өз міндеті мен жауапкершілігі бар. АМӨЗ-де зауыт үшін жауапты болсақ, қала әкімі қызметінде бүкіл тұрғын үшін жауаптымыз.

- Биыл қаңтар айында жылу желісінің сырғымалы тірегі орнынан ығысуына байланысты орталық көпір уақытша жабылған еді. Қазір не болып жатыр? Апатты көпірді пайдалану қауіпті емес пе?

-  Күрделі жөндеу қажет екені сөзсіз. Қазіргі таңда шығынды есептеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Шығынды азайтып, жобаны үнемді етіп, жұмыстарды тезірек бастауға асығып отырмыз.

Әкім күрделі жөндеу құны шамамен қанша болатынын да атамады. Сондықтан «АЖ» бұл мәселеге тереңірек үңілуге тырысты. 2018 жылдың қаңтарында мемлекеттік сатып алу порталында «Атырау қаласының орталық көпірін күрделі жөндеу бойынша ЖСҚ әзірлеу» лоты жарияланды. «Алматы Жоба» ЖШС-мен 47 миллион 155 мың 360 теңге көлемінде сол жылдың шілдесінде келісімшарт жасалды. 2019 жылдың соңында дайын ЖСҚ мемлекеттік сараптамаға жіберілді, бірақ биыл әкімдік құжаттаманы қайта жасау қажет деп шешті. 2019 жылғы ЖСҚ-ға сәйкес күрделі жөндеу құны - шамамен 1 миллиард теңге.

- Балықшы-Жұмыскер көпірі де жөндеу қажет етеді. Осыған қатысты жоспар бар ма?

-  Бұл көпірдің жөндеу жұмысына 223 млн теңге қажет. Аз сома емес, қаржы табылған соң, бірден жөндеуді бастаймыз. Ең бастысы қауіпсіздікті ескеру керек.

Осы сұраққа жауап берген кезде әкім облыстың экс-әкімі Нұрлан Ноғаевтың Атыраудың инфрақұрылымына, сол кезде орталық көшелерді қалпына келтіруге көп еңбегі сіңгенін айтып, бір мақтап алды.

- Жақында қаладан «Мемлекеттік қызметшілер аллеясын» аштыңыздар. Оның не қажеті бар еді? Неге дәрігерлер немесе мұғалімдер аллеясы емес?

- Әрине, кез-келген мамандық иесіне аллея ашуға болады... Бұл жерде, айта кету керек, біз дайын жоба іздеп, оны Атырау облыстық Мемлекеттік істер жөніндегі департаменттен таптық. Құны да қымбат емес. Атыраулық компания 14 млн теңге ұсынып еді, біз Астанадан 2 млн теңгеге жасатып алдық. Тек әйнек қойдық.

Әкім «Смарт Атырау» КММ-ның тасымалдаушылар алдындағы қала тұрғындары үшін түрлі жеңілдіктерді өтеу бойынша қарызы туралы түсіндірді. Оның айтуынша, жыл басынан бері 7 тасымалдаушыға субсидиялау келісімінде белгіленген мерзімде 1 миллиард 404 миллион теңге субсидия берілді. Бұдан басқа, «Смарт Атырау» КММ тасымалдаушыларға пандемиядан болған шығынның өтемақысы ретінде 140 млн теңге төледі.

Қала әкімі «АЖ» -ның тағы бір-екі сұрағына сәл кейінірек жауап береді.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

4 желтоқсан 2020, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.