Атырау, 22 қараша 03:32
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Суретші қыз: «Мақсатыма жетуге жұмыстанамын»

Сурет
11 241 просмотра
instagram.com/aruxanee

Мақсат қойып, соған қарай жүру керек. Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан белгілі қағида. Жүзеге асатыны рас. 14 жасар атыраулық қарапайым қыз бұл ереженің тиімділігін тағы да дәлелдеді. Оның алғашқы жеке көрмесі – жеткен мақсатының керемет жемісі еді.

НЗМ астаналық бөлімшесінің оқушысы Арухан АЙЖАРИКОВА бала кезінен сурет салумен айналысады, бұл жай хоббиі. Бірақ оған уақыты болмады - бұған дейін сүйікті мектебіне түсуді мақсат етіп, соған жету үшін көп дайындалды. Қарындашын қолына екі жыл бұрын ғана алды. Ол графиканың монохромды қарапайымдылығына қарамастан, қарындашпен сурет салуды жөн көреді. Бұл жанрда ерекшелікті жеткізе алатын айқын тәсілдер баршылық. Желідегі сабақтардан, әлеуметтік желідегі өзі секілді әуесқой достарынан үйренді. Кешікпей Арухан қарапайым нобайлар мен бейнелеуден шынайы портреттер салуға көшті.

- Карантин енгізілген соң уақыт табылды. Астанадан Атырауға өз үйіме келдім. Қашықтан оқу өз хоббиіммен көбірек айналысуыма мүмкіндік берді. Өз шеберлігімді тезірек жетілдіруді мақсат етіп қойып, сурет салуға көп уақыт жұмсадым. Бір айға жуық уақыттан соң нәтиже де байқалды. Кейіпкерлерім - көбінесе музыка орындаушылар, фильм кейіпкерлері немесе актерлар. Тыңдаймын, қараймын, бұл сурет салуға шабыт береді, - дейді Арухан.

instagram.com/aruxanee

- Инстаграмда 3 мыңдай оқырманың бар екен, жаман емес.

- Бұл Лил Пиптың арқасы ғой (LillPeep, 1996-2017 жж., америкалық әнші, рэпер, әндер авторы, модель, есірткіні шамадан тыс мөлшерде қолданып, қайтыс болған, өлгеннен кейін танымал болды - 2018 жылы шыққан альбомдары Билборд 100 және 200 чартында жоғары орындарға жайғасты – З.Б.). Оның бейнесін салған суретім ол өлгеннен кейін отбасы жүргізіп отырған аккаунтқа тап болып, сол жерден маған жазылушылар көп келді. Интернетте достарым пайда болды, көбінесе - суретшілер мен Лил Пиптің жанкүйерлері, солардың ықпалымен аккаунтымды дамытып жатырмын. Менің профилімнің ашылғанына да 10 шақты ай болды. Tik Tok пен VK да бар, бірақ Инстаграмда белсендірекпін.

- Көрме жасау идеясы қалай туындады? Бұл оңай нәрсе емес қой.

- Анам көрме ұйымдастырып, картиналарды сатудан түскен ақшаны «Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің иппотерапия орталығына жылқыларды баптау үшін көмек ретінде беруді ұсынды. Мен өзім біраз уақыт ат спортымен айналыстым, жануарлардың бәрін жақсы көремін. Бірақ жылқыларға ықыласым ерекше. Сондықтан маған бұл идея ұнады. Біз АІТ галереясына ұсыныспен шықтық, олар бізге қолдау білдірді. Өзімнің 30 туындымды әзірледім. Көрмеге реалистік портреттерден бөлек жылқылар мен ұлттық тақырыпқа бірнеше жұмысымды арнадым.

instagram.com/aruxanee

- Мақсат қоя біліп, оған жетуге қатысты ұстанымың жақсы екен, деп топшылап отырмын. Ағылшын тілінде жақсы сөйлейсің, жазасың, мектепте жақсы оқисың, өзің қалаған оқу орнына түстің, өзің көңілің толатын деңгейде сурет салуды үйрендің, 6,8 млн оқырманы бар жұлдыздар өз аккаунтында сені белгіледі, енді, міне, көрме ұйымдастырып жатсың. Бұл құпияның сырын ашқан сияқтысың, құрдастарыңмен бөлісесің бе?

- Лил Пиптің аккаунтына қалай тап болғанымды айтайын. Оның сайтында досым, қазақстандық суретші жарияланған еді. Ай сайын оның отбасы 10 жұмысты сайтқа, оның біреуін инстаграммдағы аккаунтына жариялау үшін таңдау жасайды. Мен бұған шабыттанып, осы жұмысты қолға алдым. Жұмысымды оқырмандарымның бірі @lilpeep аккаунтына жолдапты. Сөйтіп оны шілденің портреті деп таңдаған екен. Бәрінде де солай: егер бір нәрсені қаласам, мақсат қоямын. Оған қалай қол жеткізуге болатынын ойластырамын, өз тәжірибесімен немесе кеңесімен көмектесе алатын жандарды табуға тырысамын. Қолдан келгеннің бәрін жасаймын, маған осы жолда бәрі қолжетімді.

Сен жай ондықта емес, ай авторы болдың.

- Иә, егер бір істі қолға алып, мақсатыма жете алмасам, жұмсаған күш-жігерімнен басқа ештеңе жоғалтпаймын. Ал түк жасамасам – бұл мүмкіндікті жоғалтамын, сондықтан әрекет етуге тырысамын.

…Кіп-кішкентай қыздың даналығына риза болдым. Ал көрме 5 желтоқсанда Сарыарқа, 40 мекенжайындағы галереяда ашылады. Қанеки, бәріміз тамашалайық. Бәлкім, көз алдымызда Бэнксидің немесе Баскияның ізін басар суретші тұрған болар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

3 желтоқсан 2020, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.