Атырау, 29 наурыз 10:45
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қызылжар қыстағында

Сурет Бейнежазба
4 625 просмотра

Шаруа қожалықтарының жаз жайлаудан қыстаққа көшетін кезі келді. Жылыой ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВТЫҢ айтуынша, аудандағы 200-ден астам шаруа қожалығы қыстаққа оралған.

...Қара суық жел күшіне мініп, өңменіңнен өте ызылдайды кеп. Біз бағыттаған «Қызылжар» қыстағы Құлсары қаласынан 25 км қашықта жатыр. Шаруалар бұдан оншақты күн бұрын қыстаққа көшіп келіпті.

Бізді «Ембі» ШҚ басшысы Сакен ӘМІРОВ ақжарқын кейіппен қарсы алды. Тайыншадай екі алабай ит үре қарсы алғанымен қожайынының бір жекігенінен аса алмай жөніне кетті.

Еңселі үйден шыққан келіншек қолына ілген шелекпен түйе саууға аулаға қарай беттеді. Жұлдыздың айтуынша, аналық түйелер де суала бастаған, қазір екі мезгіл сауып алады. Ал жаз айында бес мезгілге дейін барады.

Жылыой ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ

Түрі тұрпайылау көрінетін түйелер қорқасоқтағанымызға қарар емес. Қолға үйреген боталар тәтті сұрағандай көздері мөлдірей қарайды.   

- Қойдан басқа үш түлік бар қолымызда. Мыңдаған қойымыз болған, бірақ жер жағдайына қарап түйені көптеп өсіруді қолға алудамыз. Негізі төрт түліктің төресі түйе ғой. Суыққа да, шөлге де төзімді, - деп әңгімелейді Сәкен өз шаруашылығымен таныстырып.

Әміровтер отбасы жерлестеріне жақсы таныс. Олардың әкелері Бақтығали көзін ашқаннан малшы болған. Совхоздың белді малшысы болып, еңбегімен елге танылған жан. Әкесі қайтыс болғаннан кейін дәстүрлі еңбекті бүгінде ұлдары Сәкен мен Сәрсенбай жалғастыруда

- Біз өз күшімізбен еңбек етеміз. Бізде сенікі, менікі деген жоқ. Ағайынды екеуміз шаруаны бірге үйлестіріп отырамыз. Інімнің, өзімнің ұлдарым көмекке келіп жәрдемдесіп тұрады,-дейді Сәкен.

Қыстақта да, жаз жайлауда да күн сәулесінен алған аппараттарды пайдалануда. Жарық бар,  теледидар көруге, тоңазытқышты пайдалануға жетіп отыр. Интернет те бар.

- Пандемия кезінде шұбатқа деген сұраныс артты. Кейбір пысықайлар бағаны еселеп өсіріп жіберді. Біз бұрынғы бағаны ұстадық. Онсызда адамдар көп ауырып, сырқатына шипа іздеп отырғанда, олай етуге болмайды ғой, - дейді қазандыққа отты қалап тұрған Сәкеннің жұбайы Гүлмира. - Күніне 30 шақты түйені сауамыз, күн суытқалы азайды. Біз өнімді Құлсары қаласына жеткізіп отырмыз, шұбатқа, түйе сүтіне сұраныс кемімеуде, құрт та жасаймыз.

- Соңғы кездері қыстақтардан әйел адамдарды сирек көретін болдық...

- Оның рас. Мал шаруашылығы үнемі мігірсіз еңбекті талап етеді. Еңбек демалысы дегенді білмейсің, осыларға көндікпесең болмайды. Міне, осыдан қашады кейбір әйелдер. Ал біз ауылға барсақ кері кеткіміз келіп тұрады.

...«Қызылжар» қыстағы артта қалып барады. Қылаулап қар жауа бастады. Таңдайыма Гүлмираның қолынан дәм татқан шұбаттың жұпар иісі келеді...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

1 желтоқсан 2020, 11:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.