ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыс мәслихаттарына (2020 жылға) сайлау өткізу үшін Атырау облысына 283 миллион 566 мың теңге бөлінді.
Бұл туралы «АЖ» сауалына жауап берген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ хабарлады. Оның айтуынша, бұл шығындардың негізгі бөлігі - шамамен 70%-ы - 274 сайлау учаскесіндегі 1 988 комиссия мүшесінің жалақысына, зейнетақы жарнасына, салық төлемдеріне жұмсау жоспарланған. Бұл сома есебінен комиссия мүшелерінің іссапары қаржыландырылып, сарапшыларды тартылады.
Қалған үлес (30%) сайлау комиссиясының ұйымдастыру шығындарына жоспарланған: бұлар сайлау бюллетеньдері, баспа материалдары және басқа да өнімдер, стенд, билборд шығару, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау науқанын ақпараттық қолдау, қажетті материалдық-техникалық қамту (кеңсе материалдары, техника, байланыс қызметі), мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кабиналарды дайындау, сондай-ақ, карантин шараларына байланысты жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету.
Айта кету керек, елдегі бүкіл сайлау науқанына жұмсалатын шығын сметасы шамамен 15,3 млрд теңге, оның 2020 жылға - 10,8 млрд теңгесі қаралған. 2021 жылдың басындағы сайлауға арналған шығындар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында белгіленіп, 4,5 миллиард теңгені құрап отыр (аймақтар бойынша бөлінген ақпарат жоқ).
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА