Атырау, 24 сәуір 18:46
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Дәрігерлер кәсіпкерлерге уәде бермеді

2 590 просмотра

Атырау қаласының сауда және ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарының иелері несиелік қарыздарының, жалға берушілерге төлейтін бережақтарының көбейіп кеткеніне, қызметкерлерінің жалақысын төлеу мүмкін болмай жатқанына қынжылып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Жуырда Палатада осыған орай санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің (енді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті осылай аталады) өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.

Балалардың ойын-сауық орталықтарының бірінің иесі Махамбет ӨТЕМІСОВТІҢ айтуынша, карантинге байланысты нысан биылғы 16 наурызда жабылған. Содан бері тоқтап тұр. Жалға беруші бизнесменнің жағдайын түсініп, осы айлар бойына төлем талап етпеген. Бірақ 1 қарашада Өтемісовке орынжайды 5 желтоқсанға дейін босатуды талап еткен хат келген. Өйткені сауда орталығының иесі салықтар мен коммуналдық қызметтерді, қызметкерлеріне жалақы төлеуі керек.

- Нысанды ашу үшін пәтерімді кепілге қойып, банктен несие алдым. Енді жалға беруші орынжайды босатуды талап етіп отыр. Бірақ босату оңай емес, ол жерде орнатылған лабиринттер бар, оларды бұзу үшін басқа қаладан маман шақырту керек, бұл да ақша мен көп уақытты қажет етеді. Сондықтан, қазір сауда орталығының иесімен келіссөз жүргізіп жатырмыз, коммуналдық төлемдерді өзіміз төлеуге дайынбыз, тіпті, карантин аяқталғаннан кейін жалдау ақысын өсірсе де келісеміз. Бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ, - деп қынжылады М.Өтемісов.

Оның айтуынша, жұмыстың тоқтауы кадрлардың кетуіне әкелген. Балалардың ойын-сауық орталығының бүкіл қызметкері, яғни, тәжірибелі педагогтар, жалақысы сәл жоғары басқа мекемелерге жұмысқа кірген, сондықтан мәселе шешілсе де, жұмысты бірден жалғастыру екіталай болмақ.

Атырауда бүгінде сауда ойын-сауық орталығында балалардың 7 ойын алаңы бар. Оның иелері санитариялық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерінен шектеулі келушілермен және санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат сұраған.

Кездесуде бильярд клубтары мен боулинг орталықтарының иелері де осындай проблемалар бар екенін айтты. Кәсіпкер Кенжебек ӨТЕПОВТІҢ айтуынша, енді оларға алдымен қандай бережақты өтеу керектігін таңдауға тура келеді.

- Әуелі коммуналдық бережағымызды өтейміз, әйтпесе, жарықты немесе газды өшіріп тастауы мүмкін. Содан кейін жалдау ақысын төлейміз. Қазір жалақы қоры зардап шегуде, біз әзірге ешкімді қысқартқан жоқпыз, бірақ қарызымыз ай сайын өсіп келеді. Бильярд залы бізге барлық түсімнің жартысын берді - қазір бәрі тоқтап тұр, - дейді К.Өтепов.

Өз кезегінде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрия ШАВАЛИЕВА «Атамекен» ҰКП апта сайын ведомствоаралық комиссияның қарауына пандемия кезінде бизнесті қолдауға арналған ұсыныстар жіберіп отыратынын айтты. Ұсынылған бірқатар шаралар 17 қарашада ведомствоаралық комиссияда қолдау тауып, жарияланды. Балалардың ойын орталықтары, бильярд және боулинг орталықтарының қызметін қалпына келтіру туралы ұсыныстарды өңірлік палата «Атамекен» ҰКП-на жіберген.

Ал Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары Гүлназ ИРБАТЫРОВА, өкінішке орай, қарашадан бастап өңірде COVID-19 ауруының тағы да көбейіп жатқанын атап өтті.

- Қазір кәсіпкерлер үшін қаншалықты қиын екенін бәріміз түсінеміз, бірақ қазір аурудың көбейіп кетуі карантин шараларының босаңсуымен байланысты болып отыр. Ведомствоаралық комиссия мақұлдаса, сіздердің ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің саналылығы да маңызды. Қазір санитарлық талаптарды сақтамай жұмыс істейтіндер көп, мұны мониторинг топтарының тексеру нәтижелері дәлелдеп отыр. Өз денсаулығымызды қорғауға қаншалықты жауапты болсақ, бұл ауруды соғұрлым тез жеңе аламыз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

24 қараша 2020, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.