Атырау, 16 сәуір 16:43
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Кеш болмай тұрғанда тексеріліңіз

3 143 просмотра

Атырау облысында онкологиялық жағдайлардың 85%-ы ауру 3-4-сатыға жеткенде ғана анықталады. Бұл туралы Қазақстанның бас онкологы Диляра ХАЙДАРОВА онлайн-брифинг барысында айтты.

Д.Хайдарова басшылық ететін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары жыл сайын онкология қызметінің жай-күйі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау үшін ел өңірлеріне іссапарға шығады. Біздің облыс сырқаттану деңгейі бойынша 12-орында, өлім-жітім бойынша 13-орында. Аурулар бойынша бізде сүт безі, өкпе, асқазан және өңеш қатерлі ісігі басым.

- Кеше біз науқастарды аралап, консультация өткіздік, сонымен қатар, бүкіл емхананың бас дәрігерлерімен онкологиялық науқастарға көмек көрсету және скринингтен өткізу мәселелері бойынша кеңес өткіздік. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау кезінде туындайтын мәселелер бөлек талқыланды. Онкологиялық науқастардың 85%-ында ауру 3-4-сатыда ғана анықталатындығы үлкен мәселе болып отыр. Біз Атырау облысының тұрғындарын уақытымен скринингтен өтуге шақырамыз, - дейді Д.Хайдарова.

Оның айтуынша, біздің емханаларда маммографтар бар, онкоцитологияға жағынды алып, колоректальды қатерлі ісікке скрининг жүргізіледі. 5 жылға арналған онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары аясында КТ, МРТ және ПЭТ диагностикасын жасауға қаражат бөлінеді. Онкологияға күдікті пациенттер үшін емханалардың жолдамасымен бұл процедуралардың барлығы тегін жүргізілуі керек.

ПЭT диагностикасы қазіргі уақытта тек елорда мен Алматыда ғана қол жетімді. Онкологиялық диспансер мен емханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, кадр қызметін нығайту мәселелері өзекті болып қала береді.

Қазір Атырау облысында 26 маман бар. Жуырда Алматыдағы онкология және радиология институтында 4 маман оқып шыққан - олардың екеуі жұмысқа орналасты, тағы екеуі тағылымдамадан өтіп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асхан БАЙДАУЛИЕВТІҢ айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі онкология қызметіне анестезиолог-реаниматолог пен радиолог жетіспейді.

Атырау облысында 4500 науқас онкологиялық есепте тұр. Соңғы бір жыл ішінде 1150 адамнан қатерлі ісік анықталды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 қараша 2020, 13:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.