
Оқу жылы басталғалы бері коронавирус инфекциясы мектеп жасындағы 13 баладан анықталды. КВИ инфекциясын жұқтырған бір оқушы ғана мектепке барып оқыған. Бұл туралы Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлназ ЕРБАТЫРОВА мектептегі қашықтан оқыту тақырыбында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
- 11 жағдай Атырауда, 2 жағдай Қызылқоға ауданында анықталды. Балалардың бәрінде ауру белгілері болмады, ал КВИ-ді сырқаттанған ересектердің айналасындағы ортаны тексерген кезде анықталды. 16-мектепте күндізгі бөлімде оқып жүрген бала анасынан жұқтырған. Біз қалған оқушылар мен мұғалімдерді мұқият тексердік, бәрінің анализі теріс шықты, дегенмен, олардың бәрі 14 күн бойы бақылауда болды. Қазір бұл ошақ жабық деп саналады, - деді Ербатырова.
Оның айтуынша, наурыз айынан бүгінге дейін облыста 11 449 КВИ жағдайы тіркелді, инфекция жұқтырған 3889 адамда әртүрлі белгілер болған, қалғандарында бұл симптомсыз өткен. Қазіргі кезде күніне 13-14 жағдай тіркеледі. Ауру жұқтырғандардың көпшілігі облыс орталығы мен Жылыой ауданында, дәлірек айтсақ, Теңіз кен орнында, бірен-саран жағдай Құрманғазы, Исатай және Индер аудандарында тіркелген.
Қазіргі уақытта облыс мектептерінде 134 888 бала білім алуда. Шалғай аудандардағы шағын мектептерде әдеттегіше оқытып жатыр. Облыста 1296 бала оқитын осындай 21 мектеп бар. 1-4 сыныптардың 25 мыңнан астам оқушысы кезекші сыныптарда күндізгі бөлімде оқиды. Қалған балалар сырттай оқып жүр. Көп баланың, әсіресе 5 және 11-сынып оқушыларының ата-анасы бұған өте наразы, олар мектеп пен білім бөлімдерінің басшылығына балаларына дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндік беру өтінішімен жүгінуде. Бесінші сынып оқушыларының ата-анасы балалардың төменгі сыныптан орта сыныпқа жаңа көшіп, жаңа пәндер мен мұғалімдерге үйренісе алмай жатқандығын айтады. Ал түлектердің ата-анасы балаларының ҰБТ-ға дайындалуы керектігін алға тартады.
- Әрине, білім берудің классикалық түрі - ең жақсысы, үйреншікті әрі тиімдісі. Бірақ КВИ-ге қатысты жағдай тұрақсыз, екінші толқын болуы ықтимал. Жылыой, Құрманғазы аудандарындағы балабақшаларда тәрбиешілердің ауырған жағдайлары тіркелген. Құрманғазы ауданындағы «Балбөбек» балабақшасынан ауру жұқтырған бала анықталды. Атыраудағы балаларға арналған басқа мекеменің ауру жұқтырған директорымен байланыста болған адамдарды тексеру кезінде 2 тәрбиеленуші мен психологтан КВИ анықталды. Осы фактілерді ескере отырып, қашықтан оқытуды дұрыс деп санаймын. 5 және 11-сынып оқушылары бөлек оқытылмайды, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ.
Ол облыста балаларды қашықтан оқытуға барлық жағдай жасалған деп сендірді. Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мұқтаж балаларға қайтарымды негізде 15 246 компьютер берді. Бұдан басқа, тағы 18 123 компьютер техникасы сатып алынды. Бұлар бірінші партиядан техника жетпей қалғандарға берілді.
- Бірінші тоқсандағы балалардың білім сапасы - 55,9%, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА. Бірақ ол салыстыру үшін қашықтан оқыту басталғанға дейін, мысалы, өткен оқу жылының 1-тоқсанында бұл көрсеткіштердің қандай болғанын айтпады.
Түлектерді ҰБТ-ға дайындау, Шангерееваның айтуынша, жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бірінші тоқсанның басында Білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар СМАҒҰЛОВТЫҢ ата-аналармен үлкен онлайн кездесуі өтті. Онда ол ата-аналардың барлық сұрақтарына жауап берген. Атырауда 61 мектеп бар, оның 14-і қала маңында орналасқан. Қала мектептерінде 73 690 бала оқиды, оның 38 470-і - кезекші сыныптарда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
В Атырау 0