Атырау, 26 сәуір 18:51
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Алаяқ анасы мен балаларының атымен ант еткен

Сурет Бейнежазба
3 479 просмотра

Бүгін, 16 қараша күні 32 жастағы алаяқ әйелге алданып қалған он шақты қала тұрғыны, олардың пікірінше, тергеу ісінің баяу жүріп жатқанына наразылық білдіру үшін облыстық прокуратура ғимаратының алдына жиналды. Алаяқ әйел қала тұрғындарынан «несиелеріңді жауып беремін», «үй алып беремін», деп 500 мың теңгеден 9 млн теңгеге дейін ақша алған. Тіпті, көп балалы ананың атына несие рәсімдеп тастаған. Толығырақ – «АЖ» материалында.

- Коллектор компаниясында жұмыс жасаймын деп, өзінің құжаттарын, тіпті, анықтаманы көрсетті. Несиелеріңізді жауып, кейін үй алып беремін деп уәде етті. Банкке бармай-ақ қойыңыз, бәрін өзім жауып тастаймын деген соң банкке бармадым. Кейін несиемді жаппағанын білдім. Коронавирус кезінде анамнан айырылып қалдым деп айтқаннан кейін, оған анасының бейітін көтеруге ақша жинап бердік. Сөйтсек, анасы тірі екен. Ақшаны алған кезде өзінің ата-анасымен, балаларының атымен ант етті. Қалай сенбейміз? – дейді қала тұрғыны Зульфия НАУРЫЗОВА.

Алақтың құрбандары қазан айында қалалық полиция басқармасына арыз жазған, қылмыстық іс қозғалған. Алайда жапа шегушілерді ешкім жауап алуға шақырмаған. Жиналғандар қылмыскерге біреу «қамқорлық жасап отыр» деп күмәнданады.

- Неге істі тергемей жатыр? Әлде алаяқтың артында біреулер тұр ма?- дейді олар наразы болып.

Алданып қалғандардың ішінде мүгедек баласы бар және көпбалалы аналар бар. Алаяқ оларға қалалық әкімдікте және қалалық ТКШ бөлімінде таныстарым бар деп, екеуінен миллион теңгеден астам ақша алған. Бұдан басқа, үй алуға керек деп, 7 баланың анасын қолына жеке куәлігін ұстатып суретке түсіріп, оның атына микронесиелік ұйымдардан 500 мыңнан астам теңгеге 9 несие рәсімдеген.

- Үйіме келіп, суретке түсіріп алды. Ойымда ештеңе жоқ, келісім бердім. Кейін менің атымнан микронесие рәсімдеп алғаны белгілі болды. Оны үйіме қарыз туралы хабарлама келгенде бір-ақ білдім, - дейді көпбалалы ана Жадыра ТЕМІРБОЛАТОВА. – Оны енді қалай төлеймін? Жолдасым екеуміз де жұмыссыз отырмыз. Кішкентайым - 4 айлық. Полицияға арыз жаздым, іс әлі бір орыннан жылжыған жоқ. Атырауда жүрген адамды ұстау қиын ба?

Жиналған топ облыс прокуратурасының ғимаратына кіргісі келіп еді, алайда карантин шектеулеріне байланысты тек қана үш адамды кіргізді. Кезекші прокурор жұмыс орнында болмай, оны ұзақ күткен жапа шегушілерге прокурор Ардақ БИТУРИН шығып, арыздарын алып қалды.

Айтпақшы, бұған дейін әйел басқа істер бойынша шартты түрде сотталған. Жәбірленушілер полицияға хабарласқаннан кейін, ол кейбірінің несиелерін жаба бастады. «AЖ» Атырау облысының полиция департаментіне сауал жолдады.

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

16 қараша 2020, 16:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.