
Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ринат ДЖАНГЛИШОВ тағайындалды. Бұл туралы жергілікті коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жаңа басшыны МСҚБ ұжымына облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов таныстырды.
Ринат Бауыржанұлы Джанглишов 1982 жылы Гурьев қаласында дүниеге келген. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітіріп, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «экономист» мамандығы, 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетін «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде (қаржы полициясында) аға тергеуші болып бастаған. 2010 жылдан құрылыс саласындағы жеке кәсіпорындарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарып, 2018 жылдың қазан айынан бастап Атырау қалалық мәслихатының хатшысы болды.
2019 жылдың қараша айынан бастап қазірге дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Айта кетейік, МСҚБ – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласында басшылықты және лицензиарға берілетін өкілеттіктер шегінде функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
Қала әкімінің орынбасары лауазымы әзірге бос тұр. МСҚБ-нің бұрынғы басшысы Асқар ЖАНАХМЕТТІҢ қайда кеткенін облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламады. Айтпақшы, одан бұрын басшы болған Рашид ӘЛІПБАЕВ 2018 жылы бірнеше рет пара алғаны үшін жауапқа тартылып, 31 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын алған болатын.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0