
Исатай ауданының бір топ шаруасы судың әлегінен малдарының пойызға қағылып немесе жарақат алып жатқанына алаңдаулы. Себебі, бұрын қатқылда жайылатын мал қуаңшылықтың кесірінен құм өресіне ауған. Ал құмда су жоқ.

Осылайша ауданға қарасты төрт ауылдың шаруалары ақ адал малдарының орынсыз шығынға ұшырап жатқанына налып отыр.
- Қыстың қарсыз өтуі, жаздың жаңбырсыз болуы айналада өсімдіктердің қурап жоқ болып кетуіне себеп болды. Топырағы шығып жатыр. Малымыз жайылатын жер таппай тентіреп кетті, амал жоқ, бірнеше шақырымдағы құмның жиегіне жайылуда. Ал ол жақта суат жоқ. Су маңайда болмағандықтан Нарын каналынан бөлініп шыққан 15 км жердегі «Қызтуған» өзегіне келеді. Қанша жылқы өліп жатыр, қаншасы жараланып жатыр, есебі жоқ. Ал бұған жеке шаруалар болмаса, басқасы алаңдап отырған жоқ. Ауылдың малсыз күні жоқ қой, - дейді Жанбай ауылының жеке шаруасы Айғали МАРДАНОВ.
- Құмға жайылған жылқымның 11-і теңізге барып су ішемін деп, батпаққа батып өлді. Теңіз жағалауы мал үшін қауіпті, жағасы балшық болып жатады. Пойыз жолын темір тікенек сыммен қоршағалы содан өтпек болған мал үстін жырып, жарақат алулары көбейді. Жуырда теміржол басшылары мен аудан әкімдігінен келгендермен кездестік. Біз екі талап қойдық - теміржолдың астынан арғы бетіне суды жеткізу, болмаса өткел ашу, - дейді Аққыстау ауылының тұрғыны Құрманғали МҰХТАРОВ.
Теміржолда малдың қағылып өліп жатқанын теміржол мамандары да растауда. Қауіпсіздікті сақтау үшін теміржолдың екі жақ бетін қоршап тастағандарын айтады. Исатай ауданы әкімдігі теміржолшылармен ойласа келе, мал көп өтетін екі жерден өткел ашу іске асқанын жеткізді. Соның өзінде жылқылардың пойызға соғылып өлуі тыйылған жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау 0 



