Атырау, 24 қараша 03:17
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Соқырлар қалай теннис ойнайды

Сурет Бейнежазба
5 241 просмотра

Көз жанарынан айырылған атыраулық зағип жандар енді үстел теннисінен бақ сынайды. Ол қалай дерсіз? «АЖ» тілшісі Қазақ соқырлар қоғамының Атырау облыстық филиалында болып, зағип жандардың теннис ойнау барысымен танысып қайтты.

- Көзі көрмейтіндерге арналған үстел теннисі бар екенін Ресейдегі тағдырластарымнан естідім. Олар мені өздерінде өтетін чемпионаттардың біріне шақырып, бұл ойынды Қазақстанда да дамытуға болатынын жеткізді. Бірінші ойнап көргеннен-ақ, Атыраудағы мүгедектердің спорт клубына өтініш білдірдім. Биыл халықаралық «ақ таяқтылар» күні қарсаңында осы ойынды сыйға тартты, дейді қазақ соқырлар қоғамы филиалының заңгері, көз жанарынан 1-топ мүгедегі Айбек ИДАЯТОВ.

«АЖ» анықтамасы:
Көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған үстел теннисі ойыны - Showdown деп аталады. Бұл ойын Ресей, Болгария, Германия елдерінде жақсы дамыған. Тұрақты чемпионаттар өткізіліп тұрады.

Мұның әуесқой теннистен айырмашылығы - үстелдің айналасында қоршау орнатылған және добы сылдырлақ келеді. Соқырлар доптың қалай келе жатқанын сол дыбысы арқылы сезе алады. Бұл кезде шапшаңдық пен есту қабілетінің орны ерекше.

- Мұндай арнайы үстел елімізде Шымкент пен Атырау қаласында бар. Алдағы уақытта үстел теннисінен облыстық жарыс өткізгіміз келеді, - дейді Айбек.

Атырау қаласында соқырлар қоғамының 250 мүшесі бар. Оның 132-сі - бірінші топ мүгедегі.

- Соқырлар бос уақыттарын осы қоғамға келіп өткізеді. Кітапханадан Брайль әліппесімен кітабын оқиды, командаға бөлініп шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Қазір үстел теннисі жақсы ермек болды, - дейді Қазақ соқырлар қоғамы Атырау филиалының оңалтушысы Маржан ЕРҒАЛИЕВА.

...Осының бәрін көрген кезде - пандемия, локдаун және басқа да нәрселерді ойлап, уайымға салыну бос екен деп қаласың.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

16 қараша 2020, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.