Қырғызстанның бұрынғы президенті тыңдалым кезінде өзін қамауда қалдыруды сұрады. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан саясаткердің кеңесшісі Кундуз Жолдубаеваға сілтеме жасап хабарлады.
Сот процесі жабық режимде өтіп жатыр. Атамбаев өзі қамауда қалуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол жақтастарын үйқамаққа босатуды талап етті.
"Мен бәріне шыдаймын. Үйқамақта отырғандар үйқамақта қалуы тиіс. Қазір түрмеде отырғандар үйқамаққа жіберілуі керек", - деді Атамбав сот отырысында. Оның сөзін кеңесшісі айтты.
Еске сала кетсек, Атамбаев бір ай қамауға алынған болатын. Сондай-ақ, бұрынғы мемлекет басшысының оққағарлары Қанат Сағымбаев пен Дамир Мусакеев те ұсталды. Атамбаев Бішкекте жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр.
Қырғызстандағы оқиға
5 қазан күні Бішкекте Жогорку Кенеш сайлауының нәтижелеріне қарсы митинг өтті. Кешке таман наразылық білдіргендер мен милиция арасында қақтығыс басталып, мыңдаған адам зардап шекті, біреуі көз жұмды. Түнде митингке шыққандар парламент ғимаратын басып алды, кейін Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарын, Садыр Жапаров пен түрмеде отырған басқа да саясаткерлерді босатты.
10 қазанда Алмазбек Атамбаев пен босатылғандардың бір бөлігі қайта ұсталды.
Бұған дейін ол қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босатқаны үшін сотталған еді. Сот Қой-Таш оқиғалары бойынша қозғалған қылмыстық істі де қарап жатыр.