Атырау, 25 қараша 19:51
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әлем елдері Байден мен Харристі сайлаудағы жеңісімен құттықтады

3 079 просмотра

АҚШ одақтастары Джо Байденнің президент болып сайлануын қуана қабылдады. Германия канцлері мұны трансатлантикалық байланыстардағы "жаңа әрі айрықша кезең" деп атады, басқалары жаңа әкімшілік қызметке кіріскен соң онымен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір екенін аңғартты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

АҚШ-тың НАТО бойынша басты одақтасы – Германия канцлері Ангела Меркель "Президент Байденмен болашақ ынтымақтастықты асыға күтетінін" айтты. "Заманымыздың үлкен қиындықтарын жеңгіміз келсе, біздің трансатлантикалық достығымыздың орнын ештеңе алмастыра алмайды" деді Меркель.

Германияның алғашқы әйел канцлері Меркель Камала Харристің АҚШ тарихындағы алғашқы әйел вице-президент болатынына назар аударды.

Германия үкіметінің трансатлантикалық үйлестірушісі Питер Байер Reuters агенттігіне сұхбатында "енді Еуропаға назар аударатын және бізді бір-бірімізге қарсы қоюға тырыспайтын президент болады" деді.

Германия үкіметінің ресми мәлімдемесінде Байденнің сайлануы трансатлантикалық байланыстың "жаңа әрі айрықша кезеңін" бастайды деген үміт білдірілген.

Президент Дональд Трамптың АҚШ одақтастарының көбімен қарым-қатынасы жақсы болмады. Ол НАТО мүшелерін ортақ қорғанысқа көп үлес қоспайды деп жиі сынады, әсіресе Еуропа одағына, Жапония мен Оңтүстік Кореяға сауда мәселелері бойынша шүйлікті.

Оның әкімшілігінің кей мүшелері Трамп екінші мерзімге сайланса, АҚШ-ты НАТО-дан шығарып жіберуі мүмкін деп үрейленіп жүрді.

Канада премьер-министрі Джастин Трюдо "Канада үкіметінің атынан Джо Байден мен Камала Харристі АҚШ-тың келесі президенті және вице-президенті болып сайлануымен құттықтаймын" деді.

"Канада мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас ерекше, бұл – әлем сахнасындағы теңдессіз қарым-қатынас" деді Трюдо.

"Сайланған президент Байденмен, сайланған вице-президент Харриспен, олардың әкімшілігімен және АҚШ конгресімен әлемдегі ең үлкен проблемаларды шешуде бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз" деді Трюдо.

Жұрттың көбі Трамптың жақын одақтасы әрі қолдаушысы деп санайтын Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Байден мен Харристі "тарихи жеңісімен" құттықтады.

"АҚШ – біздің ең маңызды одақтасымыз, біз климаттың өзгеруінен бастап сауда мен қауіпсіздікке дейінгі ортақ басымдықтар бойынша тығыз жұмыс істеуге ниеттімін" деді Джонсон.

Ирландия Байденді АҚШ-тың "сайланған президенті" әрі ата-бабалары туып-өскен елдің жақын досы деп атады және ол Солтүстік Ирландиядағы бейбітшілікті қолдайды деп үміттенетінін айтты.

Генеалогия бойынша маман Меган Смоленяк католик дінін ұстанатын Байденнің "сегізден бес бөлігі" ирланд деген болатын. Ирландия тұрғындарының көбі христиан дінінің католик бағытын ұстанады.

"Ирландия Джо Байденнің сайланғанын мақтан етеді, сондай-ақ біз еңбегі мен ақыл-ойы АҚШ-ты байытып, алуан түрлілігі оны күшейтіп отырған ирландтықтардың барлық буынындағы ерлер мен әйелдерді, олардың бабаларын мақтан тұтамыз" деді Ирландия премьер-министрі Майкл Мартин.

"Бұл – сайланған президент Байденді өз адамы санайтын Лаут және Майо графтықтары тұрғындары үшін ерекше күн" деді Ирландия премьер-министрі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Джо Байденді президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

"Джо Байден мырзаны АҚШ президенті болып сайлануымен шын жүректен құттықтаймын. Ортақ мүддемізге қатысты салаларда екі ел арасындағы жемісті әріптестіктен үміт етеміз" деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

8 қараша 2020, 12:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.