АҚШ-тағы президент сайлауында бірнеше штаттағы ұзаққа созылған бюллетень санауының екінші күні көптеген ірі қалада наразылық акциялары өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі WKRN сайтына сілтеме жасап.
Полиция Сиэттлде, Миннеаполисте және Портлендте адал сайлау талап етілген наразылықтар кезінде ондаған адамды қамауға алды. Митинг ел президенті ешқандай дәлелсіз дауыс беру мен бюллетеньдерді санаудағы маңызды мәселелерді мәлімдеген кезде басталды. Республикашылдар сайлау нәтижелеріне қарсы шығуға дайындалып, көптеген ттатта сот ісін қозғады.
Миннеаполисте (Миннесота) жүздеген наразылық білдіруші федералды тас жолға шықты. Олар Трамптың президенттігіне және оның сайлау нәтижелеріне шағымына қарсы. Полиция екі жолды да жауып, автокөлік жүргізушілерінен бұл аймақтан аулақ жүруді сұрады.
Филадельфияда да (Пенсильвания) наразылық шаралары өтті. Адамдар әр дауыстың есептелетініне көз жеткізу үшін қала орталығына жиналған. Оларға афроамерикалық Уолтер Уоллестің өліміне наразылық білдіргендер қосылды.
Финиксте (Аризона) Трампты жақтайтын бір топ адам оған дауыс беретін бюллетеньдерді қызметкерлер әдейі есептемей қойды деген қауесеттер пайда болғаннан кейін сайлау комиссиясы ғимаратының жанында жиналды. Олардың арасында мылтықтар мен тапаншалармен қаруланған адамдар болды.
Портленд (Орегон) полициясы да сәрсенбі кешке қалада басталған тәртіпсіздіктер туралы хабарлаған. Малтнома округінің әкімшілік орталығында кемінде он адам ұсталды.
Еске салайық, бұған дейін 5 қарашада Нью-Йорктегі Манхеттенде Black Lives Matter қозғалысының жүздеген жақтасы наразылыққа шыққаны белгілі болған.